Парсы шығанағы акваториясындағы жағдай күрт шиеленісе түсті. Иран халықаралық кемелерді тежеу үшін күш қолданып, стратегиялық маңызы бар Ормуз бұғазы арқылы қозғалысты іс жүзінде бұғаттады, деп хабарлайды Tengrinews.kz немістің Bild басылымына сілтеме жасап.
Иран әскерилерінің Ормуз бұғазындағы әрекеттері оқ жаудырумен және радиоэфирдегі тікелей қоқан-лоқымен қатар жүрді.
Ескерту оғы және ультиматум
Журналистер мәліметінше, әдеттегі бағытпен өтпек болған коммерциялық немесе азаматтық кемелер Иран әскери-теңіз күштері тарапынан қатаң қарсылыққа тап болған.
Иранның жауынгерлік кемелері бұғаз арқылы өтіп бара жатқан көлік кемелеріне бағыттап бірнеше рет ескерту оғын атты.
Халықаралық эфирде тұрақты негізде "Жақындамаңдар!" деген қатаң талап қойылған ирандық радиосигнал таратылып жатыр. Әскерилер Тегеран белгілеген тыйым салынған периметрді бұзған кез келген кемеге шабуыл жасалатынын ескертеді.
Бұған қатысты әзірге ресми растау жоқ.
Сонымен бірге, Парсы шығанағының су жолдарын басқару әкімшілігі X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде мәлімдеме жасап, кемелердің өтуі алдын ала өтінім берген жағдайда мүмкін екенін мәлімдеді. Бақылаушылар бұл қадамды Тегеран алдағы уақытта кемелерден су жолын пайдаланғаны үшін ақы алуды көздеп отырғанының белгісі деп түсіндірді.
Мән-жайы
Бұған дейін АҚШ пен Иран соғысты тоқтатуды және Ормуз бұғазын бұғаттан шығаруды қарастыратын өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бұл туралы бейсенбіге қараған түні Иран СІМ ресми өкілі Исмаил Багаи хабарлады.
Багаидың айтуынша, рәсім электронды режимде қашықтан өтті және бұған дейін Женевада жоспарланған ресми шараның қажеті болмайды. Құжатқа АҚШ пен Иран президенттері Дональд Трамп пен Масуд Пезешкиан қол қойды. Келісім өз күшіне енді.
Қол қойылғаннан бірнеше сағат өткен соң Ормуз бұғазы арқылы 6 миллион баррель мұнай тасымалдайтын Сауд Арабиясы туы ілінген үш супертанкер өтті.