БАӘ Қорғаныс министрлігі зымырандар мен дрондар шабуылы аясында кез келген қатерге тойтарыс беру үшін толық жауынгерлік дайындықта екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ведомство тиісті мәлімдемені X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.
"2026 жылғы 4 мамырда БАӘ-нің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері Иран аумағынан ұшырылған 12 баллистикалық зымыранды, 3 қанатты зымыранды және 4 ұшқышсыз ұшақты атып түсірді, соның салдарынан үш адам орташа ауырлықтағы жарақат алды", - делінген мәтінде.
Біріккен Араб Әмірліктеріне Иран тарапынан ашық шабуылдар басталғалы бері ӘШҚ күштері жалпы саны 549 баллистикалық зымыранды, 29 қанатты зымыранды және 2260 ұшқышсыз ұшу аппаратын жойған.
Осылайша, зардап шеккендердің жалпы саны түрлі елдердің азаматтарын қосқанда 227 адамға жетті, деп нақтылады Қорғаныс министрлігі.
Әскери қызметшілер арасында 3 адам қаза тапқан, олардың бірі - қарулы күштермен келісімшарт бойынша жұмыс істеген бейбіт тұрғын. Бұл ретте бейбіт тұрғындар арасында қаза тапқандар саны 10 адамға жеткен.
Министрлік кез келген қатерге жауап беру үшін "толық жауынгерлік дайындықта" екенін және мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге бағытталған кез келген әрекетке батыл қарсы тұрып, егемендікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты, сондай-ақ ел мүддесі мен ұлттық әлеуетті қорғауды қамтамасыз ететінін мәлімдеді.
Бұған дейін БАҚ дүйсенбі күні әмірліктердің бірі Фуджейрадағы мұнай портында ірі өрт шыққанын хабарлаған болатын. Жергілікті биліктің мәліметінше, елдегі ең ірі порт және мұнай сақтау аймағы саналатын Фуджейраның мұнай өнеркәсібі аймағына ирандық дрондар шабуыл жасаған.
Тегеран бұл ақпаратты теріске шығарып, БАӘ-ге шабуыл жасауды жоспарламағанын мәлімдеді.