АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға теңіз блокадасын жасау мүмкіндігін меңзеді. Ол бұл туралы Truth Social әлеуметтік желісінде жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Америкалық көшбасшы Just The News ресурсының Венесуэлаға жасалған әскери-теңіз блокадасы туралы материалына сілтеме жасады. Онда блокаданың елдің мұнайдан түсетін табысын қалай "тұншықтырғаны" айтылған.
"Егер Иран АҚШ сенбіде ұсынған түпкілікті келісімді қабылдаудан бас тартса, Трамп уәде еткеніндей Тегеранды бомбалау арқылы "тас дәуіріне" қайтаруы мүмкін. Немесе ол өзінің бұрынғы сәтті блокада стратегиясын қайталап, онсыз да әзер тұрған Иран экономикасын тұншықтыруы әрі Қытай мен Үндістанға негізгі мұнай көздерінің бірін жабу арқылы оларға дипломатиялық қысымды күшейтуі мүмкін", — деп жазған мақала авторы.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның Ормуз бұғазы арқылы бүкіл әлемді аз уақытқа бопсалаудан басқа ешқандай "ұтымды тұсы" екенін мәлімдеген болатын.
Иран мен АҚШ арасындағы келіссөздер
Кеше Пәкістан астанасы Исламабадта АҚШ пен Иран делегацияларының тікелей келіссөздері басталды. Келіссөздердегі Америка делегациясын вице-президент Джей Ди Вэнс бастап барды, оның құрамында Ақ үйдің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер де болды. Иран делегациясын парламент спикері Мохаммед Багер Галибаф бастады, оның құрамына сыртқы істер министрі Аббас Арагчи кірді.
Келіссөздер нәтижесіз аяқталды: тараптар ешқандай келісімге келмеді. Бұл туралы Иран да, Америка да мәлімдеді.