08 сәуір 2022 10:00

Әкімдер арасындағы ауыс-түйіс. 7 cәуірде Қазақстанда және әлемде не болды?

Мұхтар Жәмішжанов Корреспондент
Фото Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов

Жамбыл, Қызылорда және Атырау облыстарының әкімі ауысты. Сенат спикері Президентке қастандық жасамақшы болды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Шымкент ПД баспасөз хатшысына қатысты соталды тергеу тоқтатылды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Жамбыл, Қызылорда және Атырау облыстарының әкімі ауысты. Сенат спикері Президентке қастандық жасамақшы болды деген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Шымкент ПД баспасөз хатшысына қатысты соталды тергеу тоқтатылды. Tengrinews.kz тілшісі өткен күннің ең маңызды жаңалықтарын жинап, топтама жасады.

Абай, Ұлытау, Жетісу. Жаңа облыстар қашан бөлінеді?

Әділет министрі Қанат Мусин Қазақстанда жаңа аймақтарды бөлу туралы шешім бір жарым ай ішінде қабылданатынын айтты. Қазір облыстардың бюджетін бөлу және шекараны анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр

Реклама
Реклама

Әкімдер арасындағы ауыс-түйіс. Үш облыста басшы ауысты

Мемлекет басшысының Жарлығымен Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысының әкімі лауазымынан босатылды. Ол бұл қызметке 2020 жылдың ақпанында тағайындалған еді. Сапарбаевтың орнына Жамбыл облысының әкімі болып Нұржан Нұржігітов тағайындалды. 55 жастағы шенеунік 2021 жылдың сәуірінен бері Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болған

Фото: instagram.com/nurzhigitov_n

Гүлшара Әбдіқалықова да Қызылорда облысының әкімі қызметінен босатылды. Ол бұл қызметті екі жыл атқарды. Оның орнына бұған дейін ҚР премьер-министрі кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі болған Нұрлыбек Нәлібаев келді.

Фото: primeminister.kz

Атырау облысын 2019 жылдың желтоқсанынан бері басқарып келген Махамбет Досмұхамбетов қызметінен босатылды. Атырау облысының жаңа әкімі - Серік Шәпкенов. Ол Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі лауазымынан босатылып, облысқа жіберілді

Фото: primeminister.kz

Мәулен Әшімбаев Президентке жасалмақ болған қастандық туралы айтты

Сенат отырысында журналистер Мәулен Әшімбаевтан тұтқын кім екенін, оның журналист болып жұмыс істегені туралы не белгілі екенін сұрады. Оның сөзінше, ҰҚК бұл ақпаратты әзірше растаған жоқ. Оның кім екенін білмейді. Ресми ақпарат келген жоқ. Әшімбаев бұл адам туралы ақпарат ресми түрде пайда болған кезде жағдайдың не себепті осылай болғанын түсіндіре алатынын айтты.

Әкімдік аппаратының есепшоты қарызға байланысты бұғатталды 

Қапшағай әкімі аппаратының есепшоты қарызға байланысты бұғатталды. Белгілі болғандай, қала әкімі өткен жазда өзінің орынбасарын заңсыз жұмыстан шығарған. Сот шенеунікті бұрынғы орнына қайтарып, жалақысын төлеуге шешім шығарған. Алайда, әкім сот шешімін елеусіз қалдырған. Қапшағай қаласының әкімі сот шешімін орындаудан бас тартқандықтан, мамандандырылған органдар оның аппаратының есеп-шотына тыйым салды. Айтпақшы, әкімнің орынбасарына бір миллион теңгеден аса қаражат төленуі керек. Ақпаратты әкімдіктің өзі растап, оңтайлы шешімін сол жерден тапқан көрінеді.

Фото:instagram.com/nurlankumataev  

Бекееваға қатысты соталды тергеу тоқтатылды

Мөлдір Бекееваға Шымкент қалалық ПД жедел басқару орталығы қызметкерін балағаттап, дауыс көтерді деген айып тағылған. Оның үстінен "Билік өкілін қорлау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған еді. Алайда қазір полиция бұл іс дұрыс сараланбағанын мойындаған. Айта кетейік, Мөлдір Бекеева осы қылмыстық істен кейін өзіне қол жұмсамақ болғаны айтылған еді.

Қазақстандық фильм АҚШ кинофестивалінде жүлде алды 

Режиссер Самғар Рақым түсірген "Көше ақыны" қысқаметражды фильмі АҚШ-тағы Annapolis Film Festival кинофестивалінде "Үздік қысқаметражды фильм" номинациясы бойынша көрермен көзайымы сыйлығын алды.

Денис Теннің өлімі бойынша сотталған әйел колониядан шықты  

Мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімі бойынша сотталған Жанар Толыбаева 2021 жылдың желтоқсанынан бері қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде отырған жоқ. Бұл ақпаратты ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі растап отыр

Француз компаниясы Қазақстанда АЭС салу жоспарына қызығушылық танытты

"Самұрық-Қазына" қорының басшылығы Францияның Orano компаниясымен Қазақстандағы атом саласын дамыту мәселесін талқылады. Олардың мәліметінше, француз тарапы таза энергия көзі ретінде Қазақстанда Атом электр станциясын салу жоспарына үлкен қызығушылық танытты. Сонымен қатар, тараптар күкірт қышқылын өндіру жобасын жүзеге асыру перспективаларын, сондай-ақ бірлескен инвестиция тарту мүмкіндіктерін де талқылаған.

Қазақстандықтарға енді құжаттар мерзімі аяқталғаны туралы SMS жіберіледі 

Енді мобильдік азаматтар базасында тіркелген қазақстандықтар құжаттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін 30 күн бұрын ұялы телефонына мынадай мазмұндағы SMS-хабарлама алады: "Sizdin jeke kualiginizdin jaramdylyq merzimi 30 kunnen keıin aıaqtalady, HQKO-ga habarlasynyz/Srok Vashego udostovereniya istekaet cherez 30 dnei,obratites v CON". Сондықтан Мемлекеттік қызметтерді алу кезінде қандай да бір SMS-хабарламаларды алу үшін азамат "электрондық үкімет" порталындағы "жеке кабинетінде" (eGov.kz) ұялы телефон нөмірін міндетті түрде көрсетуі керек.

"Шығыс" өңірлік қолбасшылығына жаңа басшы тағайындалды 

Мемлекет басшысының өкімімен Асан Қуанышұлы Жүсіпов "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымынан босатылды, орнына Қуанышбек Өскенбайұлы Үштаев "Шығыс" өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы лауазымына тағайындалды

БҰҰ Украинада құрбан болған бейбіт тұрғындар санын жариялады 

Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы мәліметінше, 5 сәуір сағат түнгі 12:00-дегі жағдай бойынша 3 776 бейбіт тұрғын зардап шеккен 1 563 адам қаза тауып, 2 213 адам жараланған. Қаза тапқандар ішінде - 379 ер адам, 237 әйел, 24 қыз және 43 ұл бала. Сондай-ақ, 63 бала мен 817 ересек адам қаза болған, олардың жынысы әлі анықталмаған. Бұл статистика құжатқа тіркелген құрбандарға ғана қатысты. Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасы нақты көрсеткіштер әлдеқайда жоғары деп санайды, өйткені кейбір жерден түскен хабарламалар кешігіп, көбі әлі де расталмаған.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram