Ақсу қаласында 5 жастағы қыз бала ыстық суға толы шұңқырға түсіп кетіп, күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, шұңқыр балалар ойнап жүрген алаңның маңында құбыр жарылғаннан кейін пайда болған.
Ақсу әкімдігі баланың жарақат алғанын растады. Олардың мәліметінше, оқиға 6 қыркүйекте сағат 17:30 шамасында дүкендердің бірінің қарсы бетінде болған.
"Бала Ауэзов көшесіндегі ыстық су құбыры тесілген жерден пайда болған шұңқырға түсіп кеткен. Дене және аяқ күйіктерімен (I-III дәрежелі) Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Күйік көлемі – 17 пайыз", – деп мәлімдеді әкімдіктен.
Қазір зардап шеккен қыздың жағдайы орташа ауыр, ол травматология бөлімшесінде жатыр.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!