Алматы маңындағы апаттан әке мен үш бала ауыр жарақат алды

Алматы маңындағы апаттан әке мен үш бала ауыр жарақат алды Видео кадры

Алматы облысының Қарасай ауданында түнде жол апатының салдарынан ер адам мен оның кәмелетке толмаған үш баласы ауыр жарақат алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Алматы облысының Қарасай ауданында түнде жол апатының салдарынан ер адам мен оның кәмелетке толмаған үш баласы ауыр жарақат алды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Оқиғаның мән-жайы

Апат 2025 жылғы 2 желтоқсанда болған. Жәбірленушінің әйелі әлеуметтік желіде жазба жариялап, іс бойынша ақпараттың жоғын айтқан.

Реклама
Реклама

Насия Гоголадзенің айтуынша, отбасымен бірге келе жатқан көлік қараңғыда қарсы жолаққа шығып кеткен автокөлікпен соқтығысқан.

"Сол кеште күйеуім мен балалар маған қарай шыққан - мен Алматыда жұмыс істеймін, ал өзіміз қала сыртында тұрамыз. Жолда 40 км/сағ шектеуі бар камера бар, соған жақындағанда күйеуім жылдамдықты азайтты. Дәл сол сәтте қарсы беттен зулаған көлік қараңғылықтан көрінді. Оның фарасы өшірулі болған. Күйеуім тек сәл бұрылып үлгерді - соққы сол жаққа тиді, біздің көлікті жол жиегіне лақтырып жіберді", - деді әйел.

Соқтығыс салдарынан көлікте болғандардың бәрі зардап шеккен. Насияның жұбайы Роман Смирнов ішкі ағзалары жыртылып, қатты қан кетіп, ауыр жарақат шогын алған. Ол бірнеше операциядан өткен және жұбайының айтуынша, қазір еңбекке жарамсыз - кем дегенде бір жыл жұмыс істей алмайды. Алда тағы бір ота жасалу керек.

Балалар да ауыр жарақат алған. Төрт жастағы ұлының аяғы сынып, жамбасы ығысқан, басынан жарақаттанған және ота жасалған. 10 жастағы балада екі аяғы сынған, жақ сүйегі сынған, өкшесі ығысқан - оған тері трансплантациясы қажет. 12 жастағы қызы аяғынан ауыр жарақат алған. Анасының сөзінше, бұл өмір бойына салдары болуы мүмкін.

"Мен апат орнына барған кезде патруль көліктері де, құтқарушылар да көп болды. Куәгерлер екінші жүргізушіден алкогольдің иісі шыққанын айтты. Екі баланы өтіп бара жатқан адамдар көліктен шығарып алған, ал ортаншы ұлымды тек құтқарушылар ғана босата алды - ол көліктің ішінде қысылып қалған еді", - деп еске алады Насия.

Видеодан кадрлар

Жәбірленуші тараптың өкілі, заңгер Асель Серікмұратова іске желтоқсанның аяғында қосылғанын айтты. Алайда сол кезде тергеу алға жылжымай тұрған.

"Оқиға 2 желтоқсанда болғанымен, медициналық сараптама жасалмаған. Негізі, 72 сағат ішінде анықтаушы материалды сараптамаға жіберіп, зардап шеккендерді де тексеруге жолдауы керек еді: сарапшы келіп, сараптама жүргізіп, қандай да бір түсініктемелер мен анықтамаларды - қандай жағдайда жеткізілгенін және басқа да мәліметтерді алуға тиіс болатын. Бірақ бұл орындалмаған", - деп түсіндірді заңгер Асель Серікмұратова.

Заңгер мен жәбірленушінің жұбайы прокуратураға және тергеу сотына шағым түсірген. Асель Серікмұратованың айтуынша, Насия жағдайды әлеуметтік желіде жариялай бастағаннан кейін ғана тергеу әрекеттері басталған.

"8 қаңтарда Қарасай ауданының прокурорымен жеке кездесу болды. Ол бұл мәселелерді бақылауда ұстайтынын айтты. Сондай-ақ, тергеуші тәртіптік жауапкершілікке тартылатынын жеткізді. Менің ойымша, оның тарапынан жұмысқа салғырт қарау болған", - деді Серікмұратова.

Полиция не дейді?

Алматы облысы полиция департаменті қылмыстық іс оқиға болған күні тіркелгенін мәлімдеді.

"Соталды тергеп-тексеруді Қарасай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жүргізіп жатыр. Сот-медициналық және өзге де сараптамалар тағайындалды. Тергеу аяқталғаннан кейін материалдар сотқа жолданады", - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Отбасы емделу мен оңалтуды жалғастырып жатыр. Насия Гоголадзенің айтуынша, олар істің объектив әрі уақытылы қаралуына сенеді.

"Жүргізуші де, оның отбасы да әлі күнге дейін кешірім сұраған жоқ. Ешқандай көмек көрсетілмеді. Керісінше, оның мас болғанын да мойындамай отыр. Меніңше, мас күйінде көлік тізгіндеу - қылмыс. Мұнда төрт адам зардап шекті. Денсаулыққа ауыр зиян келтірілді, бірақ жүргізуші өкініш те білдірмейді", - дейді Насия Гоголадзе.

Жәбірленушілер жүргізушіден моральдық зиян мен материалдық шығынды өтеуді, сондай-ақ, заң аясында ең қатаң жаза қолданылуын талап етпек.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Реклама
Реклама