4 қазанда сағат 17:42-де (Астана уақытымен) сейсмикалық станциялар жер сілкінісін тіркеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Жер сілкінісінің ошағы Қазақстан аумағында, Алматыдан солтүстік-шығысқа қарай 209 шақырым жерде орналасқан.
Жер асты дүмпулері Жетісу облысында сезілді. Есептік магнитуда (балмен) мынадай болды:
- Жетісу облысының Текелі қаласында – 2 балл;
- Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылында – 2 балл.
Зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат түскен жоқ.
Еске салайық, 21 қыркүйекте алматылықтарға жер сілкінісі туралы ескерту келген болатын. Бірақ қалада сиреналар қосылмаған. Хабарламаны алған тұрғындар мен қонақтар көшеге шыққан еді.
Кейін ТЖД хабарлағандай, жер сілкінісі Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 9 шақырым жерде тіркелген. Магнитудасы – 3,8 балл. Қала аумағында дүмпу сезілмеген. Соған қарамастан, ескерту жүйесі автоматты түрде іске қосылып, хабарламалар жіберілген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!