Атырау облысы Жангелдин ауылында жоғалған отбасыға қатысты жаңа дерек шықты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желі мен бірқатар БАҚ-та күдіктінің балалары балалар үйіне жеткізілгені туралы ақпарат тарады.
Атырау облысы Білім беру басқармасы Massaget.kz-ке бұл жағдайға байланысты пікір білдірді.
"2 ақпанда Атырау облысы Полиция департаментінен шұғыл шаралар қабылдау жөнінде ұсыныс хат келді. Хатта күдіктінің кәмелет жасына толмаған 5 баласын қауіпсіз жерге, яғни мемлекет қорғауына алу көрсетілген. Осыған байланысты Махамбет ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі аудандық комиссияның шешімімен кәмелетке толмаған балалардың үшеуі Атырау облысы Білім беру басқармасының Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына, 3 және 1 жастағы екі сәби Денсаулық сақтау басқармасына қарасты мамандандырылған балалар үйіне уақытша орналастырылды", - деп жазылған хабарламада.
Ведомство мәліметінше, қазір балалардың жағдайы бақылауда.
"Уәкілетті органдар олардың құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр", - деді басқарма өкілі.
Атырау облысында жоғалған отбасының ісі
Еске салайық, 2025 жылы 25 желтоқсанда Атырау облысының полициясына бір отбасы жоғалғаны туралы арыз түскен.
6 қаңтарда ерлі-зайыпты өлі табылды. Олардың ұл-қызы әлі іздестіріліп жатыр.
8 қаңтарда ерлі-зайыптыны ақтық сапарға шығарып салу рәсімі өтті.
Сонымен қатар, Жангелдин ауылында қайтыс болған ерлі-зайыптының өліміне байланысты күдіктіге іздеу жарияланды. Күдікті - Атырау облысы Махамбет ауданының 29 жастағы тұрғыны. Бұл оқиғаға өзге де адамдардың қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Күдікті Сұлтан Сәрсемалиевті іздестіру ісі 8 қаңтарда Атырау облысында тіркелген. Іске бастамашы болған - ІІМ. Бұл істі Атырау облысының Полиция департаменті жүргізеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!