Айыппұл мен тыйым салынған аймақтар: Қазақстанда квадрокоптер ұшыру қалай реттеледі?

Айыппұл мен тыйым салынған аймақтар: Қазақстанда квадрокоптер ұшыру қалай реттеледі? Фото:depositphotos.com/ mathisa

Қазақстандықтар арасында квадрокоптерге қызығушылық артып келеді. Tengrinews.kz дрон ұшырар алдында қандай ережелерді білу керек екенін және қандай жағдайда айыппұл салынуы мүмкін екенін түсіндіреді.

Қандай дрондарды тіркеу керек?

Дронды ұшырмас бұрын оның міндетті тіркеліп-тіркелмейтінін тексеру қажет.

Жарнама
Жарнама
Анықтама: квадрокоптер, яғни дрон – төрт қалақшасы бар ұшқышсыз ұшу аппараты. Ол, мысалы, әуеден фото-видео түсіру, ойын-сауық немесе басқа да мақсаттар үшін қолданылады.

Қазақстанның Авиациялық әкімшілігінің мәліметінше, мыналарды тіркеу қажет:

  • салмағы 250 грамнан асатын дрондар;
  • салмағына қарамастан, камерасы немесе дербес деректерді жинауға арналған өзге де жабдығы бар кез келген дрондар.
Анықтама: ең жоғары ұшу салмағы 750 келі және одан жоғары ұшқышсыз авиациялық жүйелер бұған кірмейді. Олар мемлекеттік тіркеуге жатады.

Қазақстанда дронды қалай тіркеуге болады: нұсқаулық

1-қадам. Техникалық сәйкестік туралы декларация алыңыз

Тіркеуден бұрын "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-на декларация тапсыру қажет.

  • дронның салмағына байланысты декларация нысанын таңдаңыз (нысандарға сілтемелер);
  • толтырғаннан кейін өтінімді eOtinish арқылы жіберіңіз.

2-қадам. Өтініш беріңіз

Декларацияны алғаннан кейін ЭЦҚ көмегімен eLicense порталы арқылы өтініш беріңіз.

Егер дронның салмағы 250 грамға дейін болып, шетелде тіркелген болса, есептен шығару туралы куәлік қажет болады.

Егер дронның салмағы 250 грамм және одан көп болса, қосымша мыналарды тіркеңіз:

  • сатып алу-сату шартының нотариал куәландырылған көшірмесі немесе меншік құқығын растайтын басқа құжат;
  • нотариал куәландырылған жалдау шарты (егер дрон жалға алынған болса);
  • басқа елде есептен шығарылғаны туралы куәлік (болған жағдайда).

Өтінім 10 жұмыс күніне дейін қаралады.

3-қадам. Тіркеуден кейін не беріледі?

Есепке қойылғаннан кейін иесіне 5 жылға (немесе жалдау шартының қолданылу мерзіміне) куәлік беріледі.

Кейін дронға борт нөмірі беріледі, оны алғашқы ұшуға дейін құрылғыға түсіру керек.

  • Салмағы 1,5 келіге дейінгі дрондарға тіркеу нөмірі үш жерден қойылады.

  • Ал салмағы 1,5 келіден асатын дрондарда тіркеу нөмірі бес жерден көрсетілуі керек.

Таңба анық оқылатын және суға төзімді болуға тиіс.

Тіркелмеген дронды ұшырғандарға қандай жаза қарастырылған?

Бұл процедураны елемегендерге айыппұл салынуы мүмкін.

Авиациялық әкімшілік дронды қажет рұқсаттар мен келісімсіз ұшырғандарға айыппұл салынатынын түсіндірді. Жеке тұлғаларға – 43 250 теңге, лауазымды тұлғаларға 86 500 теңге айыппұл қарастырылған. Ал дрон есепке қойылмаса, иесіне бұдан да жоғары айыппұл салынады. Жеке тұлғалар үшін айыппұл – 173 000 теңге, заңды тұлғалар үшін 432 500 теңге.

Анықтама: ӘҚБтК-нің 563-бабы "Әуе кеңістігін пайдалану тәртібін бұзу", ӘҚБтК-нің 569-бабы "Әуе кемелерін пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу".

Ведомство халық арасында дронға қызығушылық артып келе жатқандықтан, ұшқышсыз аппараттарды есепке қою тәртібін жеңілдетіп, оны цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отырғанын хабарлады.

Дронмен ұшудың қандай санаттары бар

Авиациялық әкімшілік дронмен ұшудың барлығын екі санатқа бөледі: "ашық" және "арнайы".

Ұшудың "ашық" санаты

Жеке фото және бейнетүсірілім ұшудың "ашық" санатына жатады. Бұл жағдайда әуе кеңістігін пайдалануға арнайы рұқсат алу қажет емес, бірақ дрон иесі мына ережелерді сақтауға міндетті:

  • дронды тек күндіз ұшыру;
  • ұшу кезінде дронды көзден таса қылмау;
  • дронды халық тығыз орналасқан аумақтардың үстінен ұшырмау;
  • тыйым салынған, қауіпті аймақтарда және ұшуға шектеу қойылған аумақтарда ұшырмау;
  • әуеайлақтардан кемінде 8 шақырым қашықтық сақтау;
  • бақыланатын әуе кеңістігінде дронды 50 метрден, ал бақыланбайтын әуе кеңістігінде 200 метрден жоғары көтермеу;
  • адамдарға, көлік құралдарына, ғимараттар мен құрылыстарға 100 метрден жақындатпау;
  • адамдар мен көлік көп жиналатын орындардан кемінде 150 метр қашықтық сақтау.

Ұшудың "арнайы" санаты

Егер ұшу шарттары "ашық" санатына сәйкес келмесе, ол "арнайы" санатына жатқызылады. Бұл жағдайда арнайы рұқсат қажет болады, мысалы:

  • халық тығыз қоныстанған аудандардың үстінен ұшу үшін,
  • немесе дрондарды пайдалана отырып авиациялық жұмыстарды орындауға рұқсат,
  • немесе тиісті санаттағы Ұшақсыз авиациялық жүйелер (ҰАЖ) операторының сертификаты.

Бұл ретте ұшу биіктігіне, орнына және уақытына қатысты шектеулер нақты жағдайға байланысты жеке анықталады.

Қай жерде дрон ұшыруға тыйым салынған?

Қорғаныс министрлігі редакцияның сауалына берген жауабында дрондардың ұшыруға бірқатар шектеу қолданылатынын хабарлады.

"Ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдалануға жабық немесе шектеу қойылған аумақтарға мемлекеттік күзетке алынатын нысандар жатады. Олар Үкіметтің №1151 "Мемлекеттік күзетуге жататын нысандардың кейбір мәселелері" қаулысында көрсетілген. Ұшқышсыз ұшу аппараттарының ұшу бағыты әуежайлар мен әуеайлақтардан кемінде 8 шақырым қашықта болуы керек", – деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігі.

Сонымен қатар, мұндай нысандардың тізіміне орталық мемлекеттік органдардың, соттардың, ҰҚК-нің, Мемлекеттік күзет қызметінің, Ұлттық банктің ғимараттары, дипломатиялық өкілдіктер, әскери бөлімдер, атомдық және ғарыштық инфрақұрылым нысандары, сондай-ақ кейбір стратегиялық нысандар кіреді.

Түнде және қолайсыз ауа райында ұшыруға бола ма?

Қазақстанның авиациялық әкімшілігі дронды түнде тек "арнайы" санат аясында ғана ұшыруға болатынын хабарлады. Ол үшін операторда тиісті рұқсат, түнгі ұшуға арналған жабдық, жарық беру құралдары болуы керек. Сондай-ақ, ұшатын аумақ алдын ала бағаланып, оператор дайындықтан өтуі қажет.

"Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді пайдалану кезінде жер бедері мен ұшу түріне қарай белгіленген метеорологиялық минимумдар сақталуға тиіс. Ұшқышсыз авиациялық жүйелердің түрі көп болғандықтан, пайдаланушылар өндіруші белгілеген шектеулерді басшылыққа алуы керек. Жауын-шашын, желдің жылдамдығы және ауа температурасы бойынша шектеулер әр дронның түрі мен моделіне байланысты", – деп хабарлады ведомство.

Осылайша белгіленген ережелерді сақтау айыппұл арқаламауға және квадрокоптерді қауіпсіз пайдалануға мүмкіндік береді.

Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
Жолдау
Пікірлер редакция тарапынан модерациядан өтеді
Пікірлерді оқу

Жарнама
Жарнама