Биыл қазақстандықтар 30 тамыз — Конституция күні демалмайды. Бұл ақпаратты еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжіліс кулуарында журналистер вице-министрден "биыл 30 тамызда қазақстандықтар демалып үлгереді ме?" деп сұрады.
Виктория Шегай енді Қазақстанда Конституция күні 15 наурызда атап өтілетінін айтты.
"Жоқ (30-ында демалмайды — ред. еск.). Өйткені, өздеріңіз білесіздер жаңа Конституция қабылданып, күшіне енген сәттен бастап 15 наурыз ресми түрде Конституция күні болады", - деп жауап берді вице-министр.
Жаңа Конституция биыл 1 шілдеде күшіне енеді. Әділет министрінен референдум мен жаңа Конституция қабылданғанға дейін "биыл Конституция күні бұрынғыша атап өтіледі ме?" деп сұраған болатын. Сол кезде Ерлан Сәрсембаев мемлекеттік мерекенің басқа күні заңнамалық түрде белгіленген жағдайда, 30 тамыздағы Конституция күні "тиісті заң күшіне енген күннен бастап мемлекеттік мереке мәртебесін жоғалтады" деп жауап берген.
Еске салайық, Қазақстанда жаңа Конституция күні енді 15 наурыз — қазақстандықтар оның жобасына дауыс берген күн болып саналады. Осылайша, биыл бір демалыс күні аз болады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!