Сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі күрес шеңберінде ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі шілдедегі жұмыс қорытындысын жариялады. Ведомство 17 құқықбұзушылықты анықтап, мемлекетке келтірілген жүздеген миллион теңге шығынды өтеді, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған екі азаматқа сыйақы берілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Ведомство мәліметінше, бір ай ішінде Қазақстан Қылмыстық кодексінің бірнеше бабы бойынша сараланатын 17 құқықбұзушылық тіркелген.
"Атап айтқанда, билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану – 3, пара алу – 5, пара беру – 4, алаяқтық – 2, жеке өмiрге қолсұғылмаушылықты және Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу, кәсіпкерлік өкілеттіктерді теріс пайдалану және кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу бойынша бір-бірден дерек анықталды", – делінген хабарламада.
16 қылмыстық іс сотқа жолданған. Оның ішінде:
6 іс – алаяқтық,
3 іс – пара беру,
2 іс – пара алу,
сондай-ақ бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу, ақпаратты заңсыз жою немесе өзгерту, қылмыстық жолмен алынған кірісті заңдастыру (жылыстату), қызметтік өкілеттіктерді теріс пайдалану және қылмыстық құқықбұзушылықты жасыру бойынша бір-бірден іс бар.
Аяқталған істер бойынша мемлекетке келтірілген 113,6 миллион теңге шығын өтелді. 619,1 миллион теңгеге мүлікке тыйым салынды.
Сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін 2 адамға 471,84 мың теңге сомасында сыйақы берілді.
Ведомство сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу жұмысы жалғасып жатқанын атап өтті.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!