2026 жылдың алғашқы 10 күнінде жаңа Салық кодексі аясында 66 мың қазақстандық өз қызметін заңдастырып, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған жаңа арнайы салық режиміне өтті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтына сілтеме жасап.
Бұған дейін бұл азаматтар жеке кәсіпкерді тіркеусіз қызмет атқарған, енді олар өзін-өзі жұмыспен қамтудың жаңа субъектілеріне айналды және заңды және қажетсіз әкімшілік рәсімдерсіз жұмыс істейді.
"Мұндай нәтиже 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істей бастаған өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимін енгізудің арқасында мүмкін болды. Бұл өз бетінше жұмыс істейтін және жеке еңбегінен табыс табатын жеке тұлғалар үшін қарапайым және ыңғайлы салық режимі", - делінген хабарламада.
Режим кімге арналған?
- жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген;
- жалдамалы жұмысшыларды пайдаланбайды;
- Қазақстан Республикасының Үкіметінің қаулысымен рұқсат етілген қызмет түрлерімен айналысады (2025 жылғы 21 қарашадағы № 994 қаулы);
- айына 300 АЕК-тен аспайтын табыс алады (2026 жылы – шамамен 1,3 млн теңге).
Режимнің негізгі артықшылықтары
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар:
- ЖК ретінде тіркелуге міндетті емес;
- табыс салығын төлемейді (ЖТС мөлшерлемесі - 0%);
- әлеуметтік төлемдерді табыстың 4% ғана төлейді, оның ішінде 1% - МЗЖ, 1% - ЖБМЗЖ, 1% - әлеуметтік аударымдар, 1% - МӘМС;
- салық есептілігін тапсырудан босатылған;
- "e-Salyq Business" мобильді қосымшасы арқылы жұмыс істейді, онда чектер қалыптастырылады (БКМ қолданусыз) және әлеуметтік төлемдер автомат түрде есептеледі;
- интернет-платформалар арқылы жұмыс істеген кезде чектер мен әлеуметтік төлемдер платформа операторы қалыптастырады, ұстайды және аударады.
Қосымша:
- режимді қолдану туралы хабарлама жіберудің қажеті жоқ;
- режимнің басталу күні қосымшада бірінші чекті қалыптастыру сәті болып саналады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!