Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы Ормуз бұғазы маңынан рұқсатсыз өтпек болған MSC-Francesca және Epaminondas контейнер тасымалдаушы кемелерін қолға түсірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Press TV телеарнасына сілтеме жасап.
КСИР мәліметінше, Epaminodes кемесі АҚШ әскерилерімен ынтымақтастық жасаған, ал MSC-Francesca кемесінің Израильмен байланысы бар.
"Ислам революциясы сақшылары корпусы жақында ұстап, Иран аумағындағы суға жеткізген кеме туралы мәліметтерді жариялады. Кеме америкалық әскерилермен ынтымақтасуы мүмкін деген күдікке ілінген. КСИР есебінде Epaminodes деп анықталған кеме туралы деректер келтірілген", – делінген телеарна жарияланымында.
Телеарнаның хабарлауынша, ұсталған кемелер жүгі мен тиісті құжаттарын тексеру үшін Иран аумағындағы суға жіберіледі.
Есепте Epaminodes кемесінің Либерия туымен жүзіп, Үндістандағы Мундра контейнер портына бағыт алғаны айтылған. Телеарна КСИР-ге сілтеме жасап, 2024–2026 жылдар аралығында бұл кеме АҚШ-тың 11 түрлі портында 36 рет тоқтап, шамамен 299 мың тонна жүк түсіргенін хабарлады.
КСИР кеменің екі күн бұрын Ормуз бұғазындағы Иранға қарасты Ларек аралы маңында болғанын атап өтті.
13 сәуірде АҚШ әскери-теңіз күштері Ормуз бұғазының екі жағындағы Иран порттарына кіретін және шығатын барлық теңіз қозғалысына тосқауыл қоя бастады. Бұл бұғаз арқылы әлемдегі мұнай, мұнай өнімдері мен сұйытылған табиғи газ жеткізілімінің шамамен 20 пайызы өтеді.
Вашингтон Иранмен байланысы жоқ кемелер Ормуз бұғазы арқылы еркін өте алатынын мәлімдеп отыр. Бірақ ол үшін олар Тегеранға өткені үшін ақы төлемеген болуы керек. Иран билігі мұндай төлем енгізілгенін ресми түрде жариялаған жоқ, алайда бұған дейін осындай жоспар барын айтқан.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!