Алматылық "Қайрат" клубы жартылай қорғаушылар Офри Арад пен Гиорги Зариямен қоштасқанын ресми түрде мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Екі футболшы да келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты клубтан кетті.
Гиорги Зария
Грузиялық хавбек "Қайрат" сапына 2024 жылғы қаңтарда қосылды. Алғашқы маусымында Зария 30 матчте 15 нәтижелі әрекет жасап, Қазақстан Премьер-лигасының үздік жартылай қорғаушысы атағын иеленді.
2025 жылы ол "Қайраттың" ел чемпионатында қайтадан алтын алуына, Суперкубокты жеңуіне және Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуына көмектесті. Клубтағы жалпы көрсеткіші: 59 матч, 16 гол, 11 нәтижелі пас.
"Қайрат" ФК Гиоргиға жарқын ойыны мен команданың жетістіктеріне қосқан зор үлесі үшін алғыс білдіреді және алдағы мансабына сәттілік, жаңа белестер тілейді", - делінген клуб мәлімдемесінде.
Офри Арад
Израильдік жартылай қорғаушы "Қайратқа" 2023 жылғы ақпанда келді және үш маусым ішінде команданың табысына елеулі үлес қосты. Арад клубпен бірге Қазақстан чемпионатын екі рет - 2024 және 2025 жылдары жеңіп, ел Суперкубогын иеленді, сондай-ақ, алматылықтардың Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіне шығуына көмектесті.
"Қайрат" сапындағы соңғы матчінде ол "Интердің" қақпасына "Джузеппе Меацца" стадионында гол соқты (1:2). Жалпы алғанда, Офри Арад клуб үшін 92 матч өткізіп, 3 гол соғып, 10 голдық пас берді.
"Қайрат" ФК Офриға жоғары кәсібилігі, жанкештілігі және команданың жетістіктеріне қосқан маңызды үлесі үшін алғыс білдіреді және алдағы мансабына сәттілік, жаңа жетістіктер тілейді", - делінген клуб мәлімдемесінде.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!