Келесі жылы Қазақстанда тағы алты автожол учаскесі ақылы болады. Олардың жалпы ұзындығы - 1,8 мың шақырым, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Көлік министрлігі ресми сауалға берген жауабында мәлімдеді.
Ақылы болатын жолдар
Қарағанды - Балқаш - 363 км;
Бурылбайтал - Құрты - 228 км;
Ақтөбе - Қандыағаш - 96 км;
Талдықорған - Өскемен - 768 км;
Атырау - Астрахань - 277 км;
Мерке - Шу - 78 км.
Жолақы қымбаттай ма?
Министрлікте 2026 жылы тарифтерді өзгерту жоспарланбайтынын айтты.
"Төлем тәсілдері бұрынғыдай қалады. Бюджетке түсетін жүктемені азайту және өзін-өзі ақтауды қамтамасыз ету мақсатында қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары аяқталған учаскелерде ақылы жүйе енгізіледі", - делінген хабарламада.
Тарифтер қандай болады?
Ақылы жолмен жүру құны көлік түріне ғана емес, учаске санатына да байланысты. Санат екеу: I және II.
Анықтама: I санат - 4 және одан көп жолағы бар, өткізу қабілеті жоғары магистральдар (автомагистраль, жылдам жүретін жолдар). II санат - қозғалыс қарқыны төменірек, әдетте 2 жолақты, өңірлік орталықтарды жалғайтын, бірақ сапасы жоғары жолдар.
I санаттағы учаскелер бойынша (алдын ала және кейін төлеу)
жеңіл автокөлік - 2 және 2,5 тг/км;
16 орынға дейінгі автобустар және 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері - 8 және 9 тг/км;
32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері - 15 және 17 тг/км;
32 орыннан жоғары автобустар және 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері - 22 және 26 тг/км;
15 тоннаға дейінгі жүк көліктері - 30 және 35 тг/км;
15 тоннадан жоғары жүк көліктері - 37 және 44 тг/км.
II санаттағы учаскелер бойынша (арзанырақ)
Алдын ала және кейін төлеу мөлшерлемелері:
жеңіл автокөлік - алынбайды;
16 орынға дейінгі автобустар және 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері - 6 және 7 тг/км;
32 орынға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері - 13 және 15 тг/км;
32 орыннан жоғары автобустар және 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері - 19 және 22 тг/км;
15 тоннаға дейінгі жүк көліктері - 25 және 30 тг/км;
15 тоннадан жоғары жүк көліктері - 31 және 37 тг/км.
Кімдер жеңілдікке (тегін жүруге) құқылы?
Заң бойынша қызметтік міндетін атқарып жүрген арнайы көліктер ақылы жолмен тегін жүре алады. Мысалы: жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметі, полиция және т.б.
Сондай-ақ жеңілдіктер мыналарға беріледі:
- тұрақты жолаушы тасымалымен айналысатын автобустарға;
- жергілікті тұрғындардың және ұйымдардың жеңіл көліктеріне - өз ауданының ішінде ақылы жолмен тегін жүруге;
- Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің жеңіл көліктеріне.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!