Қазақстандық бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаева Германияда қаза тапты. Оны өлтірді деген күдікке ілінген күйеуі Александр Донцов Мәскеуде жүргені байқалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
112 Telegram-арнасының журналистері Александр Донцовты Мәскеуден тауып, видеоға түсірген. Онда ол қылмысқа қатысы жоқ екенін айтады.
"Бәрін көрсеттім. Көп өтірік айттыңыздар. Жалған ақпаратты көп тараттыңыздар. Адамдар, арандатуға ермеңіздер, сенбеңіздер", - дейді ол видеода.
Арнаның мәліметінше, 2 ақпанда Александр мен Наталья Донцова Мәскеудегі Тергеу комитетінде түсініктеме берген. Ал Наталья Ресей Конституциясының 51-бабын пайдаланып, тергеушімен сөйлесуден бас тартқан.
Александр Донцовтың жұмыс орны
Желіде тағы бір видео тарады. Онда жігіт өзін Жоғары экономика мектебінің (НИУ ВШЭ) студенті екенін айтқан. Оның сөзінше, Александр Донцов осы оқу орнында 5 ай бойы жұмыс істейді.
"Бүгін мен өз факультетімде күдікті қанішер барын білдім. Бұл адам ҰЗУ ЖЭМ-де шамамен бес айдан бері жұмыс істейді. Оның үстіне, менің сабақтарым ол істейтін ғимаратта жиі өтеді", - дейді студент видеода.
ҰЗУ ЖЭМ-нің ресми сайтын қарап шықтық. Порталдағы мәліметке сүйенсек, Александр Донцов бұл оқу орнында бес айдан бері тіркелген, әрі ол туралы ақпарат "Оқытушылар" бөлімінде орналастырылған. Сайттағы ақпарат бойынша, ол Дүниежүзілік экономика және дүниежүзілік саясат факультетінің, Дүниежүзілік экономика департаментінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.
Айгүл Сайлыбаеваның өлімі
2024 жылғы маусымда Германияда қазақстандық Айгүл Сайлыбаеваның жоғалып кеткені белгілі болды. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 5 маусымда Қазақстанның Франкфурт-на-Майн қаласындағы бас консулдығына Қазақстан азаматтары екі күн бұрын жоғалған қызы бойынша жүгінген.
Кейін жоғалған әйелдің денесі Бенсхайм қаласының маңынан табылғаны туралы ақпарат шықты. Немістің Bild басылымы мәйіттің пластик қапта болғанын, ал әйелдің өлім алдында зорлық көргенін хабарлады.
Германияның құқық қорғау органдары адам өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Германия Сыртқы істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, Дармштадт қаласының сот шешімімен Сайлыбаеваның енесі Наталья Донцова күдікті деп танылған. Оған Германия бойынша және бүкіл Еуропа аумағында қамауға алу туралы ордер берілген.
Қазақстан ІІМ бұрынғы судья Айгүл Сайлыбаеваны азаптау дерегі бойынша тергеуді бастаған. Қазақстанда марқұмның күйеуі мен енесіне іздеу жарияланған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!