Колумбияда C-130 Hercules әскери-көлік ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан 66 адам қаза тапқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы Caracol Radio X әлеуметтік желісінде мәлімдеді.
"Пуэрто-Легисамо, Путумайо аймағындағы оқиға салдарынан 66 адамның қаза тапқаны расталды. Олардың арасында Ұлттық армияның 58 әскери қызметкері, Колумбия Әуе күштерінің алты өкілі және Ұлттық полицияның екі қызметкері бар", - делінген хабарламада.
Радиостанцияның нақтылауынша, апатқа ұшыраған ұшақ бортында 128 әскери қызметкер болған.
БАҚ мәліметінше, 57 адам аман қалған, біреуі зардап шекпеген, тағы төртеуі хабар-ошарсыз кеткендер қатарында.
Бұған дейін Колумбияның қорғаныс министрі Педро Санчес Әуе күштеріне тиесілі Hercules ұшағы елдің оңтүстігінде апатқа ұшырағанын мәлімдеген еді.
Caracol телеарнасының хабарлауынша, бортта 125 адам болған - 11 экипаж мүшесі және 114 әскери қызметкер. Материалда бұл 27-бригаданың әскери қызметкерлерін өңірдегі әскер ротациясы аясында тасымалдап бара жатқан әуе кемесі екені айтылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа ұшақтың маневр жасау кезінде туындаған қиындықтар себеп болған - ұшақ ұшып көтерілгеннен кейін қажет биікке тиісті деңгейде көтеріле алмаған.
Колумбияның Әуе-ғарыш күштерінің қолбасшысы генерал Карлос Фернандо Сильва Руэда бұған дейін кемінде 48 адамның зардап шегіп, эвакуацияланғанын мәлімдеген.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!