ПОДЕЛИТЬСЯ
29 қазан 2023 | 09:24
Костенко шахтасындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 35-ке жетті
Костенко атындағы шахтадағы жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 35-ке жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Костенко атындағы шахтадағы жарылыс салдарынан қаза тапқандар саны 35-ке жетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
29 қазан сағат 09:00 бойынша ақпарат бойынша, 35 адамның денесі табылды, олардың 29-ының денесі жер бетіне шығарылды, 11 кенші іздестіріліп жатыр.
Авариялық-құтқару жұмыстарына "Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы" ЖШС Қарағанды филиалының тау-кен құтқарушыларының 10 бөлімшесі жұмылдырылды.
Кеше Қарағанды облысындағы шахтада жарылыс болды. Бастапқыда 7 адам қаза тапқаны хабарланды. Артынша қаза тапқандар мен зардап шеккендер саны арта бастады.
Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов Қарағандыдағы Костенко шахтасындағы апат орнына басшылық ету үшін барды. Апатты жою жоспары енгізілді. Қосымша тау-кен құтқарушыларының күштері енгізіле бастады.
Көп ұзамай қайғылы оқиғаға қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пікір білдіріп, кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты. Мемлекет басшысы Үкіметке кеншілердің отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетуді тапсырды. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды.
Үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату тапсырылды.
Артынша Бас прокуратура Қарағанды облысы Костенко атындағы шахтадағы өртке қатысты соталды тергеп-тексеру басталғанын хабарлады.
Оқиға орнына барған Президент Тоқаев шахтада зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілетінін айтты.
"Мен Мемлекет басшысы ретінде баршаңызға көңіл айтамын. Бұл – қасірет. Бәрін түсінемін. Апат болды. Апаттың кесірінен көптеген адам қаза тапты. Сондықтан бұл жерге арнайы келдім. Тиісті шаралар қабылдаймыз, соның ішінде зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетеміз. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасылары ешқандай мұқтаждық көрмеуі үшін Үкімет, әкімдік және қайырымдылық ұйымдарының алдында жан-жақты көмек көрсету міндеті тұр", – деді Мемлекет басшысы.
Президент бүкіл еліміз бойынша 29 қазан Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланатынын және "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қатысты тиісті шара қабылданатынын жеткізді.
"Ертең бүкіл еліміз бойынша жалпыұлттық аза тұту күні жарияланады. Мен "АрселорМиттал Теміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтату жөнінде тапсырма бердім. Бұл мекеме Үкіметпен және кәсіпорынмен ынтымақтастық тұрғысынан біздің тарихымыздағы ең нашар компания болды. Енді кәсіпорынның өзіне қатысты шаралар қабылдау туралы ойлануымыз керек. Басин Вадим Борисович деген азамат бар. Сіздер оны білесіздер. Ол бір кездері "АрселорМитталда" жұмыс істеген. Облыс әкімінің орынбасары болды. Мен оған қайтып келіп, кәсіпорынды басқаруды тапсырамын. Кәсіпорынның қазіргі басшылығының қолынан ештеңе келмейді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Вадим Басин "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнын басқаратын болды.
АрселорМиттал Теміртаудың" барлық шахтасында жұмыс тоқтатылды. Сегіз шахтадағы жұмыстың тоқтатылғаны туралы ақпаратты компанияның баспасөз қызметі өкілдері растады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жедел штабтың отырысында қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай әлеуметтік көмек көрсетілетінін айтты.
"Қаза тапқан азаматтардың отбасыларына асыраушысынан айрылуына байланысты жәрдемақы тағайындалады. Ол республикалық бюджеттен, әлеуметтік сақтандыру қорынан және өмірді сақтандыру компаниясынан төленеді. Жәрдемақы көлемінің жалпы орташа мөлшері асырауындағы адамдар 18 жасқа толғанға дейін ай сайын 400-500 мың теңгеден басталады. Егер балалар жоғары оқу орындарында білім алып жатқан болса, онда 23 жасқа дейін төленеді. Әзірге барлық төлемді өтеу "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына жүктеледі. Кәсіпорын ұжымдық шартқа сәйкес жылдық төлем тәуекелдерін төлеуге міндетті. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы жерлеу рәсімдеріне байланысты барлық шығынды, сондай-ақ, балаларды жоғары оқу орындарында оқытуды өз мойнына алуға тиіс", – деді Светлана Жақыпова.
Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-на меншік құқығын Қазақстан Республикасының пайдасына заңды түрде беруді пысықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша "АрселорМиттал Теміртау" АҚ-ның қазіргі акционерлерін акционерлер қатарынан шығару туралы келіссөздер жүргізілді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также