Астана тұрғындары LRT желісі бағаналарының жуырда ғана боялғанына қарамастан, кей жерлерінде бояудың түлеп, түсе бастағанын байқады. City Transportation Systems (CTS) компаниясы бұл жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жай
Былтыр мамырда LRT желілерінің төменгі аумағын абаттандыру басталды: мұнда ағаштар егіліп, эстакада тіреулері боялған еді.
Алайда арада бір жыл өтпей, елордалықтар құрылымдардағы бояудың қабыршақтанып жатқанын аңғарды.
Қазір LRT желісінің кейбір бағаналары мынадай күйде:
CTS не дейді?
CTS компаниясының жауабына сүйенсек, жақын арада бағаналар қайта боялады.
"Бағаналар мен эстакада элементтерін бояу жұмыстары қысқы кезеңде тоқтатылған еді. Күн жылынған соң бояу жұмыстары аяқталады", — деп хабарлады компания өкілдері.
Сондай-ақ, онда LRT желісінің жалпы ұзындығы 22,4 шақырым екенін еске салды.
Еске салайық, Астанада жеңіл рельсті көлік (LRT) желісін сынақтан өткізе бастағаннан бері алты ай өтті. Елорда әкімдігі жобаны іске асыру жұмыстары қатаң кестеге сай жүргізілуде және жолаушылар тасымалын бастау осы жылдың көктеміне жоспарланғанын хабарлады.
Тағы оқыңыз: LRT-ның ерекше "тест-драйвы" астаналықтарды таңғалдырды