Оңтүстік Кореяның бұрынғы президенті Юн Сок Ёль 2024 жылы әскери жағдай енгізуге әрекеттенгені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Мұндай шешімді Сеулдің Орталық аудандық соты шығарды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Yonhap агенттігіне сілтеме жасап.
Сот Юнды әскери жағдай орнатуға талпыныс арқылы бүлік ұйымдастырды деп танығанымен, арнайы прокурорлар талап еткен өлім жазасын емес, одан жеңілірек жаза тағайындаған.
Соттың айтуынша, істегі негізгі сәт - экс-президенттің парламент жұмысын тоқтату мақсатында Ұлттық жиналыс ғимаратына әскер жіберу туралы шешімі.
Сот отырысы бұрынғы президенттің қатысуымен өтіп, ұлттық телеарналардан тікелей эфирде көрсетілді.
Еске салайық, Юн Сок Ёльге 2024 жылғы желтоқсанда импичмент жарияланған. Алайда сот оның импичментін ресми түрде 2025 жылғы сәуірде растаған, оған дейін экс-президентті қамауға алу туралы ордер берілген. Бұл Оңтүстік Корея тарихында қызметтегі президенттің алғаш рет қамауға алынуы ретінде тіркелді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!