Орталық Азия елдері мен Корея депутаттары бірлескен жұмыс жоспарын белгіледі

Ж. Жұмабеков

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Ташкентте Орталық Азия мемлекеттері және Корея Республикасының парламенттері спикерлерінің үшінші кездесуіне қатысты.

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Ташкентте Орталық Азия мемлекеттері және Корея Республикасының парламенттері спикерлерінің үшінші кездесуіне қатысты.

"Адами қадір-қасиет, әлеуметтік әділдік пен қоршаған ортаны қорғау жолындағы ынтымақтастық" тақырыбында өткен пленарлық сессияда Мәжіліс төрағасы ұсынылған күн тәртібінің өзектілігін атап өтті.

Реклама
Реклама

"Бүгінгі кездесудің тақырыбы – Қазақстан үшін өте жақын әрі маңызды. Адами қадір-қасиет, әлеуметтік әділдік пен қоршаған ортаны қорғау елімізде іске асып жатқан реформалармен толық үндесіп, біте-қайнасып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әр бастамасының негізінде осы мызғымас принциптер тұр. Әділеттілік идеясы – ұлттық идеологиямызға айналды. Өз кезегінде, бұл қағидалар – аймағымыздағы, тіпті әлемдегі тұрақты даму мен қауіпсіздіктің кепілі. Сондықтан бұл кездесу "Орталық Азия – Корея Республикасы" форумының күн тәртібін жаңа маңызды бағыттарымен кеңейте түсті", – деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс спикерінің пікірінше, адамның қадір-қасиетін құрметтеу Орталық Азия халықтарына ежелден тән қасиет. Өңір өзге халықтардың мәдениетіне, дініне және дәстүріне гуманизммен қарап, ашықтықтың үлгісін көрсетіп келеді. Тауқыметті кезеңдерде бұл жер тұтас этностар паналаған мекенге айналды. Осы қасиеттерді сақтап, оны келер ұрпақтың бойына сіңіру қажет.

Ерлан Қошанов әлеуметтік әділдік Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі қағидаты екеніне және осы принцип заңнамалық деңгейде барлық азамат үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету, халықтың әл-ауқатын арттыру арқылы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып отырғанын атап өтті.

Мәжіліс спикері цифрландыру мен жасанды интеллект мәселесіне ерекше көңіл бөліп, Президенттің Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру туралы стратегиялық мақсаты туралы атап өтті.

Өңірдегі негізгі экологиялық сын-қатерлер ретінде Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі, Аралдың тартылуы және су ресурстарының тапшылығы аталды. Мәжіліс төрағасы экология мәселелері бойынша өзара байланысты күшейтіп, бірлескен ғылыми зерттеулерді көбейту қажеттігін атап өтті. Әріптестерін 2026 жылы Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке шақырды.

Қатысушылар Орталық Азия елдері мен Корея арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың оң қарқынын атап өтті. Іс-шара қорытындысы бойынша Бірлескен декларация қабылдады. Форум аясында Мәжіліс спикері шетелдік әріптестерімен парламентаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылады.

Парламентарийлердің төртінші кездесуін 2026 жылы Қазақстанда өткізу жоспарланып отыр.

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
news0
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Реклама
Реклама