Бас әскери прокуратура Павлодардағы Ұлттық ұлан әскери бөлімінде болған атыс дерегі бойынша тергеуді бақылауға алды. Атыс салдарынан келісімшарт бойынша әскери қызметші қаза тауып, тағы біреуі ауыр жараланған болатын. Қалалық аурухана зардап шеккен адамның жағдайы туралы айтып берді, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Не болды?
Қайғылы оқиға биыл сәуірде Павлодардағы әскери бөлімдердің бірінде болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, келісімшарт бойынша әскери қызметші өзіне бекітілген қарудан оқ атып, салдарынан өзі оқиға орнында көз жұмған. Ал тағы бір келісімшарт бойынша әскери қызметші жарақат алған.
Зардап шеккен адамның жағдайы
25 жастағы зардап шегуші Павлодардағы №1 қалалық ауруханаға шұғыл жеткізілген болатын. Дәрігерлер оның жағдайын ауыр деп бағалаған еді.
Жас жігіттің бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатқаны белгілі болды.
Аурухана мәліметінше, ол емдеу курсынан кейін оңалту бөліміне ауыстырылып, 19 мамырда медициналық мекемеден шығарылған.
Тергеу
Tengrinews.kz тілшісінің сауалына берілген жауапта тергеу барысы Бас әскери прокуратураның бақылауында екені хабарланған.
"Ішкі істер министрлігі Шығыс өңірлік әскери-тергеу басқармасының павлодарлық тобы Ұлттық ұлан әскери бөлімінде келісімшарт бойынша әскери қызметші қаза тапқан атыс дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері атқарылып жатыр. Тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Тергеу қорытындысы бойынша заңнама талаптарына сәйкес процессуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлады Бас әскери прокурордың міндетін атқарушы Мақсат Қазиев.
Қадағалау органы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге мәліметтері жария етуге жатпайтынын қосып өтті.
Тағы оқыңыз: Қазақстанның батысында ағайындылар атыс шығарды