Павлодар облысында тайғақ жолда жол апаты салдарынан екі әйел жүргізуші қаза тапты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Жол апаты 27 желтоқсанда Павлодар – Омбы тасжолында, Бобровка ауылының маңында болды. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Vitz көлігінің жүргізушісі көктайғақ кезінде рөлге ие бола алмай, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Hyundai Accent автокөлігімен соқтығысқан.
Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы бір әйел жүргізуші оқиға орнында көз жұмғанын, екіншісі Теренкөл ауданының ауруханасында қайтыс болғанын мәлімдеді. Апат кезінде көліктердің біріндегі жолаушы зардап шеккен. Жедел жәрдем бригадасы оны Павлодар облыстық ауруханасына жеткізген.
Оқиға орнынан Instagram-да жарияланған видеода соққының қатты болғаны сонша, автокөліктер жолдың екі жағына, шеткі бөліктерге қарай әр жаққа ұшып кеткені көрінеді.
Бұл жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Екі көлік те мамандандырылған айып тұрағына қойылды.
Желі қолданушылар пікірде бұл тасжолдағы көктайғақ туралы екі күн бұрын-ақ шағымданып, шара қабылдауды сұрағанын жазған. 26 желтоқсанда осы трассаның бір учаскесінде "ГАЗель" жол жиегіне шығып, кюветке түсіп кеткен. Оқиғаға қатысты "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ Павлодар филиалы қар, жаңбыр және ауа температурасының күрт төмендеуінен облыс жолдарында мұз қатқаны байқалғанын хабарлаған.
Жолдарды өңдеу үшін тәулік бойы 8 арнайы техника жұмылдырылған, оның ішінде 2 автогрейдер және дәл сонша трактор бар.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!