Сара Назарбаева Президент Іс басқармасы Медициналық орталығының Ұлттық госпиталінен (бұрынғы атауы - Совминка) шығарылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Медициналық мекеме өкілдерінің айтуынша, науқас емдеу курсын аяқтап, 2026 жылғы қаңтарда шығып, дәрігерлердің амбулаториялық бақылауына жіберілген.
"Денсаулығы, диагнозы, емдеу әдістері мен нәтижелері туралы мәліметтер Қазақстан Республикасы "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" кодексінің 273-бабына сәйкес дәрігерлік құпияға жатады және жария етілмейді", - деді дәрігерлер.
Еске салайық, Сара Назарбаеваның ауруханаға түскені туралы ақпарат 2025 жылғы 5 мамырда шыққан еді. Ол кезде оның жағдайы ауыр екені айтылған.
Бірнеше күн өткен соң әлеуметтік желілерде Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы хабар тарап кетті. Алайда ресми дереккөздер бұл ақпаратты жоққа шығарып, жалған ақпарат екенін мәлімдеген.
2025 жылғы қазанда Айдос Үкібай Сара Назарбаеваның сәуірден бері Ұлттық госпитальде ем қабылдап жатқанын хабарлаған. Осылайша, елдің бірінші ханымы дәрігерлердің бақылауында шамамен 9 ай болған.
Сара Назарбаеваның өмірбаяны
Сара Назарбаева 1941 жылғы 12 ақпанда Қарағанды облысында дүниеге келген. Ол 1962 жылы Нұрсұлтан Назарбаевқа тұрмысқа шыққан. Бір жылдан кейін тұңғыш қызы Дариға өмірге келді. Кейіннен Динара мен Әлия дүниеге келген.
Балалары есейіп, өз алдына кеткен соң ол қоғамдық қызметке белсенді араласа бастайды. 1992 жылғы ақпаннан бастап ол "Бөбек" халықаралық балалар қайырымдылық қорының негізін қалаушы әрі президенті болған.
1994 жылдың жазында "SOS – Қазақстанның балалар ауылдары" қорының президенті атанды. 1999 жылы "Демография" қайырымдылық қорының қамқоршылық кеңесін басқарды.
Қайырымдылық пен мейірімділік саласындағы еңбегі үшін Сара Назарбаева халықаралық ұйымдардың көптеген марапатына ие болған. Солардың қатарында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Ихсан Доғрамажы атындағы халықаралық сыйлығы, Unity халықаралық сыйлығы, "Құрманжан Датқа" сыйлығы бар. Ол "Өзін-өзі тану философиясына қосқан зор үлесі үшін" Шыңғыс Айтматов атындағы алтын медальмен марапатталған. Ал Ресей Қызыл Кресті тағайындайтын, өскелең ұрпақты қолдауға бағытталған ұзақ жылғы қызметі үшін берілетін "Алтын жүрек" халықаралық сыйлығын Сара Назарбаеваға Софи Лорен табыстаған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!