Шерзат Полаттың ағасы - Нұрқанат Ғайыпбаевтың өліміне байланысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Бұл туралы марқұмның отбасының адвокаты Мейірман Шекеев Instagram парақшасында хабарлады.
Еске салайық, 2024 жылдың желтоқсан айының басында Нұрқанат Ғайыпбаевтың денесі Талғар шетінде тұрған көліктен табылған еді. Бұл қайғылы жағдай кәмелетке толмаған жиені Шерзаттың төбелес кезінде өлтірілгенінен бірнеше ай өткен соң болған. Сол жанжал кезінде Нұрқанаттың өзі де бірнеше жерінен пышақ жарақатын алған.
Алдын ала нұсқа бойынша, Ғайыпбаев өзін-өзі өлтірген деп болжанған.
"Қазіргі тергеу кезеңінде қылмыс белгілері анықталған жоқ", – деп хабарлаған еді сол кезде полиция өкілдері.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. Алайда жеті айдан кейін тергеу тоқтатылған.
"Нұрқанаттың ісі тоқтатылды. Дегенмен, біз болашақта істі қайта жандандыру туралы өтініш береміз", – деп жазды адвокат Мейірман Шекеев.
Сондай-ақ, адвокат Шерзат Полатты өлтіру ісі бойынша апелляциялық сот отырысы 18 тамызда Алматы облыстық сотында өтетінін мәлімдеді. Сотталған тоғыз адамның сегізі апелляциялық шағым түсірген. Ал "Қылмыс туралы хабарламау" бабымен сотталған тоғызыншы адам – Ы. Д. – бостандыққа шыққан.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!