Шымкентте полицей қызметкеріне қатысты сот процесі аяқталды. Тергеуші алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, айыпталушы - Еңбекші аудандық полиция басқармасының 25 жастағы тергеушісі.
Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот бұл істі қарап, үкім шығарды.
"Тойлыбай Айзат Бауыржанұлы кінәлі деп танылды. Оған 2 жыл 7 ай 15 күнге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды", – делінген сот үкімінде.
Тергеу материалдарына сәйкес, 2024 жылғы маусымда тергеуші қылмыстық іске қатысы бар адамнан қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін 600 мың теңге сұраған. Ақшаны алған сәтінде ол қолма-қол ұсталған.
"Куәгердің өтініші бойынша Тойлыбай Айзатқа белгіленген ақша берілді. Оның бір бөлігіне химиялық зат жағылған. Тінту кезінде оның қолынан 200 мың теңге нақты және 400 мың теңге муляж ақша табылды. Өзі бұл ақшаны алғанын мойындады", – делінген сот материалында.
Сот процесінде бұрынғы тергеуші кінәсін мойындап, айыппұлмен шектелуді сұраған, алайда сот қатаңырақ үкім шығарып, оны бас бостандығынан айырды.
Үкімнің күшінде қалуы не өзгертілуі кейін апелляциялық сот шешімінен кейін белгілі болады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!