Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеевтің (14-1, 7 КО) Лос-Анджелестегі үйінде өрт шықты. 37 жастағы спортшы оқиға сәтінен түсірілген кадрларды Instagram-парақшасында жариялады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Әшкеевтің айтуынша, ол отбасымен бірге достарына қонаққа кетер алдында күйік иісін сезген.
Мадияр гаражды ашқанда, үйдің бір бөлігіне өрт жайылған. Боксшы отбасын дереу сыртқа шығарып үлгерген.
Оқиға орнына келген өртсөндірушілер жалынды тез арада ауыздықтап, өртті сөндірген.
Қазір спортшының отбасы уақытша достарының үйінде тұрып жатыр. Бірнеше сағаттан кейін Әшкеев қайтадан оқырмандарымен байланысқа шығып, өрттен кейінгі жағдайды көрсетті. Сонымен қатар ол ешкімнің зардап шекпегенін атап өтті.
Кейбір оқырмандар боксшыға көмек ұсынған, тіпті қаражат жинау ашуға кеңес берген.
Мадияр Әшкеев туралы не белгілі?
Мадияр Әшкеев - Қазақстан чемпионатының және 2014 жылғы Дүниежүзілік бокс сериясының (WSB) қола жүлдегері. Сондай-ақ, Солтүстік Америка бокс федерациясының (NABF) чемпионы және NBA (Ұлттық бокс қауымдастығы) чемпионы атақтарының иегері.
Кәсіпқой рингте Әшкеев 15 жекпе-жектің 14-інде жеңіске жеткен. Кейінгі айқасын ол 2020 жылғы желтоқсанда өткізіп, америкалық Чарльз Конуэллден жеңіліп, USNBC белбеуінен айырылған.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!