Сәуірде Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін жариялайды. Мөлшерлеме бұрынғы деңгейде қала ма, әлде өзгере ме? Бұл 24 сәуірде белгілі болады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мән-жайы
Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты комитетінің алдағы шешімі жыл басынан бергі үшінші шешім болмақ. Қаңтар мен наурызда базалық мөлшерлеме бұрынғы деңгейде - жылдық 18 пайыз, дәлізі +/- 1 пайыз тармақ көлемінде сақталды.
Мұндай мөлшерлемені Ұлттық банк 2025 жылғы қазанда бекітіп, оны жылдық 16,5 пайыздан көтерген болатын. Ұлттық банктің бағалауынша, оның өзгерісі инфляция деңгейіне бірден емес, шамамен 12–18 айдан кейін айқын әсер ете бастайды. Аз уақытта мөлшерлеме өзгерісінің ықпалы әлсіздеу болады.
Базалық мөлшерлеме деген не?
Базалық мөлшерлеме - коммерциялық банктерге Ұлттық банк қысқа мерзімді несиелер беретін және коммерциялық банктерден депозиттер қабылдайтын пайыздық мөлшерлеме. Ол азаматтарға берілетін несиелер бойынша мөлшерлемені белгілеуде маңызды рөл атқарады, елдегі инфляция деңгейіне де әсер етеді.
Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме - ел экономикасы мен банк секторы үшін негізгі бағыт. Оның мөлшерін Ұлттық банк белгілейді: арттыруы немесе төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар, базалық мөлшерлеме - елдің ақша-несие саясатының негізгі құралы.
Базалық мөлшерлеме теңгеге қалай әсер етеді?
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетсе, ақша арзандай түседі. Аз уақытта бұл әдетте теңгенің әлсіреуіне әкеледі - валюта нарығына қатысушылар бағам төмендейді деп күтіп, ұлттық валютаға қарсы әрекет ете бастайды. Ал ұзақ мерзімде мөлшерлеменің төмендеуі инфляцияны баяулатуы мүмкін, бұл, керісінше, теңгенің нығаюына ықпал етеді.
Мөлшерлеме жылына неше рет өзгереді?
Базалық мөлшерлемені көтеру не төмендету туралы шешімді Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты комитеті қабылдайды. Комитет отырыстары жылына сегіз рет алдын ала бекітілген кесте бойынша өтеді.
Базалық мөлшерлеме бойынша келесі шешімді Ұлттық банктің Ақша-несие саясаты комитеті 24 сәуірде Астана уақытымен сағат 12:00-де жариялайды.
Бұл жолы мөлшерлеме қандай болады?
Бұған дейін Ұлттық банк қазіргі ақша-несие шарттарын, соның ішінде базалық мөлшерлемені, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының аяғына дейін сақтауды жоспарлап отырғанын хабарлаған.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, инфляция тұрақты баяулай берсе, Ақша-несие саясаты комитеті 2026 жылдың екінші жартыжылдығында базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастырады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!