Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әр жылдары өзіне сыйға тартылған жылқыларды көріп, оларға қалай күтім жасалып жатқанын бақылады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы осыдан бір жыл бұрын ақ боз ақалтеке құлынын Ақжан деп атаған еді.
"Ақалтеке тұқымына жататын арғымақтарымыздың қатарына бірнеше ай бұрын қосылған құла түстес құлынға Ақниет деп ат қойдым. Аттың сынын жақсы білетін мамандар келешекте халықаралық жарыстарда топ жаратын тұлпар болады деп бағалап отыр. Президент Іс басқармасының атқорасында жақында Қатар елінен сыйға келген арабы арғымақтарымыз да бар", - деп атап өтті Тоқаев.
Президент кейде жылқыларға өзі келіп, жем-шөбін беретінін айтты.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының Instagram-дағы ресми парақшасында бірнеше сурет жарияланды.
Президент жылқының қасиетін дәріптеп, ат спортын дамытуға айрықша мән беруіміз керегін айтты.