Трамп пен Путин жеке кездесудің қорытындысын шығарды: “әзірге мәмілеге келген жоқпыз“

FOX News

Ресей және АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамп Аляскада өткен кездесудің қорытындысы бойынша журналистерге мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ресей және АҚШ президенттері Владимир Путин мен Дональд Трамп Аляскада өткен кездесудің қорытындысы бойынша журналистерге мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Путиннің айтуынша, келіссөздер конструктив және өзара құрмет атмосферасында өтті, өте мазмұнды әрі пайдалы болды.

"Америкалық әріптесіме Аляскаға шақырғаны үшін тағы да алғыс айтқым келеді. Дәл осы жерде кездесуіміз қисынды. Өйткені бізді мұхиттар бөліп тұрғанымен, шын мәнінде, біз көршіміз. Ұшақтан түскен сәтте мен "Қайырлы күн, қымбатты көрші, сізді аман-есен көргеніме қуаныштымын" дедім. Бұл көршілерге тән, жылы сөз болды", – деді Кремль басшысы.

Реклама
Реклама

Ресей басшысы кездесудің басты тақырыптарының бірі Украина төңірегіндегі жағдай болғанын атап өтті.

"Біз АҚШ әкімшілігінің және жеке Трамп мырзаның Украинадағы қақтығысты шешуге жәрдемдесуге ниетін көріп отырмыз. Мен бірнеше рет айтқанмын, Украинадағы оқиғалар біздің ұлттық қауіпсіздігімізге төнген түбегейлі қауіп-қатерлермен байланысты. Оның үстіне, біз әрдайым украин халқын бауырлас халық деп санадық, ал болып жатқанның бәрі - біз үшін қасірет пен қайғы. Сондықтан бұл жағдайды тоқтатуға біздің ел шын жүректен мүдделі", – деді Путин.

Путиннің айтуынша, "дағдарыстың барлық түпкі себебі жойылып, Ресейдің алаңдаулары ескеріліп, Еуропа мен әлемдегі қауіпсіздік саласында әділетті тепе-теңдік қалпына келтірілуге тиіс".

"Президент Трамппен келісемін, әрине, Украина қауіпсіздігі де қамтамасыз етілуі керек. Біз бұған дайынбыз. Біздің келісіміміз Украинадағы бейбітшілікке жол ашады деп үміттенемін", – деді Ресей басшысы.

Ол Киевте және Еуропа астаналарында мұның бәрін дұрыс қабылдап, кедергі келтірмеуге үміт білдірді.

"Жоспарланған ілгерілеуді арандату немесе астыртын интригалар арқылы сәтсіздікке ұшыратуға тырыспайды деп ойлаймын", – деді Путин.

Сондай-ақ, ол егер Трамп президент болғанда, Украинадағы қақтығыс болмас еді деп мәлімдеді.

"Бүгінде біз президент Трамптың "егер мен президент болсам, соғыс болмас еді" дегенін естіп отырмыз. Менің ойымша, солай болар еді. Бұған мен кепіл боламын", – деді ол.

Ал Трамп, өз кезегінде, келісімге қол жеткізу әзірге мүмкін болмағанын айтты.

"Бір-бірімізді толық түсіне алған жоқпыз. Әзірге мәміле жоқ", – деді ол. Бірақ кездесу өте жемісті әрі мазмұнды өткенін атап өтті.

"Біз көптеген мәселелер бойынша келісімге келдік. Олардың ішінде бірнеше маңыздысы бар, бірақ олар әлі толық шешілген жоқ. Дегенмен біз белгілі бір ілгеріледік. Бүгін біз үлкен прогреске қол жеткіздік. Президент Путинмен, Владимирмен қарым-қатынасым үнемі жақсы болған", – деді АҚШ президенті.

Трамптың айтуынша, кездесуден кейін ол еуропалық көшбасшыларға және Украина президенті Владимир Зеленскийге қоңырау шалады. Сондай-ақ, Путиннің шақыруымен Мәскеуге баруы мүмкін екенін жоққа шығармады. "Құрметті Путин мырза, жақында тағы да жүздесеміз деп үміттенемін", – деді ол.

Мәлімдемелерден кейін Путин мен Трамптың баспасөз мәслихаты аяқталды. Олар журналистердің сұрақтарына жауап берген жоқ.

АҚШ және Ресей президенттерінің шағын құрамдағы келіссөздері шамамен үш сағатқа созылды. Мемлекет басшыларынан бөлек, ресейлік тараптан сыртқы істер министрі Сергей Лавров пен Путиннің көмекшісі Юрий Ушаков қатысты, ал америкалық тараптан – мемлекеттік хатшы Марко Рубио және Трамптың арнайы өкілі Стив Уиткофф болды.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!

Tengrinews
Редакция сұрағы
Бұл туралы не ойлайсыз?
news0
Отправить
Комментарии проходят модерацию редакцией
Показать комментарии

Реклама
Реклама