Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қауіпсіздік комитетіне (ҰҚК) жаңа өкілеттіктер берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мемлекет басшысы ҰҚК туралы ережеге өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі жарлыққа қол қойды. Құжат дерегінше, ведомствоның ақпараттық қауіпсіздік және аса маңызды инфрақұрылымды бақылау салаларында өкілеттігі кеңейеді.
Не өзгерді?
Жарлыққа сәйкес, ҰҚК туралы ереженің 1-тармағының жаңа редакциясы бекітілді. Енді комитет Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін, ұлттық қауіпсіздік органдарының бірыңғай жүйесін басқаратын арнайы мемлекеттік орган екені нақты көрсетілген.
ҰҚК барлау, қарсы барлау және жедел-іздестіру қызметін жүзеге асырады, Мемлекеттік шекараны қорғау мен күзетуді, үкіметтік байланысты және шифрлау жұмыстарын қамтамасыз етеді, сондай-ақ мемлекеттік құпияларды қорғауға жауап береді.
Сонымен қатар, комитеттің елдегі мемлекеттік құпияларды қорғау жөніндегі уәкілетті орган екені жеке нақтыланған.
Ақпараттандыру саласындағы ҰҚК-нің жаңа функциялары
Құжатқа сәйкес, ҰҚК ақпараттандыру саласында мемлекеттік бақылау жүргізу бойынша қосымша өкілеттіктерге ие болды. Бұл ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты.
Сондай-ақ, ҰҚК-ге мынадй құқықтар берілді:
- аса маңызды объектілердің ақпараттық қауіпсіздігі саласындағы заңнама бұзушылықтары анықталған жағдайда нұсқама беру;
- орындалуы міндетті нұсқамалар жолдау;
- ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және жедел-іздестіру іс-шараларына арналған арнайы техникалық құралдарды пайдалану салаларында берілген рұқсаттар бойынша тексерулер жүргізу.
Тексерулер біліктілік және рұқсат беру талаптарына сәйкестігін анықтау үшін, сондай-ақ, Кәсіпкерлік кодекске сәйкес жоспардан тыс тәртіпте жүргізіледі.
Президенттің жарлығы қол қойылған күнінен бастап, яғни 9 ақпаннан бастап күшіне енеді.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!