31 желтоқсанда кешке Тараздағы тұрғын үй кешендерінің бірінде ірі өрт шықты. Тұрғындар оның себебі абайсыз атылған салют деп санайды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Оқиғаның мән-жайы
Оқиға Тараздың 5-ықшамауданында болған. Жамбыл облысының ТЖД бұған дейін өрт бесінші қабаттағы балконнан басталып, бес қабатты тұрғын үйдің шатырын тез арада толық шарпығанын хабарлаған.
Өрт 22:18-де тұтанған, ал 00:13-те құтқарушылар шамамен 900 шаршы метр аумақтағы өртті сөндірді. Өртсөндірушілер 100 адамды, оның ішінде 30 баланы эвакуациялады.
"Өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде шатыр толық өртенгені байқалды. Тұрғындар үшін арнайы өрт сөндіру көлігі базасында, кейін жақын орналасқан мектеп базасында жылыту пункті ұйымдастырылды", – деп хабарлаған еді өңірлік ТЖД.
ТЖД зардап шеккендер жоқ екенін, ал өрттің шығу себебі анықталып жатқанын мәлімдеген.
"Үйімізден түк қалмады"
Бесінші қабаттағы пәтердің тұрғыны Альбина қайғылы жағдай 31 желтоқсанда, Жаң жылға шамамен екі сағат қалғанда болғанын айтады. Ол кеште бүкіл отбасы жиналған екен.
"Біз балконға шығатын залда жаңа жылдық дастархан басында отырып, отбасымызбен мерекені атап отырғанбыз. Бір сәтте балконда от тұтанды. Өзіміз сөндіріп көруге тырыстық: күйеуім су толтырылған леген алып шықты, бірақ жалын тез тарады. Әйнектер жарылып, от пәтерді шарпыды. Екі кішкентай баламыз бар - біреуі екі жаста, екіншісі небәрі екі айлық. Біз сыртқа шығып үлгердік, бірақ үйімізден түк қалмады", - деді ол.
Отбасы бұл екі бөлмелі пәтерге бар болғаны бір жыл бұрын ғана көшіп келген.
Альбина куәгерлердің айтуынша, оқиғаға себеп пиротехниканың ұшқыны болуы мүмкін екенін жеткізді.
"Сол сәтте аулада жүрген көрші балалар біреудің салют атқанын көрген, ұшқын біздің ағаш балконымызға түскен. Ол жерде киім кептіріліп тұрған, плед жатқан. Біз өзіміз отшашу атқан жоқпыз, сәбиіміз бар. Менің ойымша, біреудің отшашуы плед ілінген кептіргішке түсті де, от солай шарпыды", - деп бөлісті ол.
Әйелдің айтуынша, өрттің ресми себебі әлі күнге дейін анықталмаған. Пәтер толық жанып кеткендіктен, дәлел жинау өте қиын екенін айтады.
"Әлеуметтік желілердегі видеода жанып жатқан балкон - біздікі. Көршілердің балконы пластик, олардың пәтері азырақ зардап шекті. Төменгі қабаттағы тұрғындарды тек су басқан, ал біз бәрінен қатты зардап шектік. Қазір уақытша туыстарымыздың үйінде тұрып жатырмыз, бірақ әкімдіктен кем дегенде уақытша баспана немесе қонақүйден бөлме беруді сұраймыз", - деді ол.
Тұрғынның сөзінше, қазір жұмысшылар шатырды жөндеп жатыр. Альбинаның айтуынша, тек осы жұмыстардың өзіне шамамен екі апта кетуі мүмкін.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!