27 сәуір 2026 19:54

“Болашақтағы“ заңбұзушылық: оператор аудиторлар қорытындысымен келіспейді

Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Жоғары аудиторлық палата "Болашақ" бағдарламасында елеулі заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде бағдарлама операторы қаражатты мақсатсыз жұмсау немесе стипендияларды ережеден тыс тағайындау туралы сөз болып отырған жоқ, ал аудиторлар көрсеткен шешімдер сол кездегі қолданыста болған нормалар аясында қабылданған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бөлісу

Жоғары аудиторлық палата "Болашақ" бағдарламасында елеулі заңбұзушылықтар анықталғанын мәлімдеді. Бұған жауап ретінде бағдарлама операторы қаражатты мақсатсыз жұмсау немесе стипендияларды ережеден тыс тағайындау туралы сөз болып отырған жоқ, ал аудиторлар көрсеткен шешімдер сол кездегі қолданыста болған нормалар аясында қабылданған, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Жоғары аудиторлық палата не деді?

Мәжілісте өткен үкімет сағатында Жоғары аудиторлық палата мүшесі "Болашақ" бағдарламасын әкімшілендіруде айтарлықтай тәуекелдер бар екенін айтты.

ЖАП деректері бойынша, 340 үміткер іріктеудің жалпы критерийлеріне сәйкес келмесе де, министрлік шешімімен жеке тәртіпте 7,7 миллиард теңгеге стипендия алған.

Жарнама
Жарнама

Аудиторлардың айтуынша, тағы 151 стипендия бекітілген лимиттен тыс тағайындалған.

Палата "жасанды интеллект" бағытын ерекше атап өтті. ЖАП мәліметінше, бұл бағыт бойынша жоспарланған 54 стипендияның іс жүзінде тек 5-еуі тағайындалып, қалған 49-ы өзге бағыттарға қайта бөлінген.

Палата бұл блокты ерекше көрсеткіш деп санайды: аудиторлардың бағалауынша, басым бағыт жарияланғанымен, іс жүзінде стипендиялардың басым бөлігі басқа мамандықтарға кеткен.

ЖАП-тың жалпы қорытындысы бойынша, жоғары білім беру жүйесі, соның ішінде "Болашақты" әкімшілендірудің жекелеген тетіктері, түпкі нәтижеден гөрі процесті қаржыландыруға көбірек бағытталған.

"Болашақ" өкілдері не деп жауап берді?

"Болашақ" бағдарламасының операторы саналатын Халықаралық бағдарламалар орталығы аудит қорытындысымен келіспеді.

Орталықтағылар "2025 жылдың қаңтарында үміткерлердің құжаттарын жеке тәртіппен қарау туралы нормалар алынып тасталғанын", алайда оған дейін мұндай норма 2012 жылдан бері қолданыста болғанын еске салды.

Орталықтың түсіндіруінше, құжаттар жеке тәртіппен "тек белгілі бір жағдайларда, мысалы, басым мамандықтар тізбесінде шақыру қағазындағы мамандықтың нақты атауы болмаған кезде " қаралуы мүмкін болған.

Мысал ретінде "Болашақ" өкілдері үміткердің Machine Learning and Computer Vision мамандығына түскен жағдайын келтірді, ал қазақстандық тізбеде ол тек Machine Learning.

"Бұл мамандықтардың екеуі де ақпараттық технологияларға жатады және олардың силлабусы мен пәндері сәйкес келеді. Осыған байланысты аталған үміткер конкурстық іріктеуге жіберілді", - деп түсіндірді орталықтағылар.

Сондай-ақ "Болашақ" өкілдері "барлық 340 үміткер бойынша талдау жүргізілгенін және олар конкурстық іріктеу кезеңдерінен басқа үміткерлермен тең жағдайда өткенін" айтты.

Неге 151 стипендия бойынша сұрақ туындады?

Жоғары аудиторлық палата 151 стипендия лимиттен тыс тағайындалғанын мәлімдеді.

"Болашақ" мұндай бағалаумен келіспеді.

"Аталған 151 стипендия бөлінген бюджеттік лимиттер аясында тағайындалды. 151 стипендияны қайта бөлу жылына бөлінген стипендиялар мен бюджет қаражатының жалпы санынан асқан жоқ", - деді орталық өкілдері.

Оператор мәліметінше, мәселе 2022–2024 жылдар аралығындағы даярлау бағыттары бойынша орындарды қайта бөлу туралы болып отыр.

Орталық өкілдері егер бір бағыт бойынша орындардың бір бөлігі сұранысқа ие болмаса, олар конкурс жоғары болған басқа бағыттардың пайдасына қайта бөлінгенін түсіндірді.

Мысал ретінде "Болашақтағылар" 2023 жылды келтірді: ол кезде "Білім беру", "Жаратылыстану ғылымдары" және "Әлеуметтік ғылымдар" бағыттары бойынша игерілмеген орындар "Медицина" және "Инженерлік-техникалық мамандықтар" бағытындағы үміткерлерге берілген.

ЖИ бойынша стипендияларға не болды?

Жоғары аудиторлық палата "жасанды интеллект" бағыты бойынша жоспарланған 54 стипендияның іс жүзінде тек 5-еуі тағайындалғанын мәлімдеді.

Халықаралық бағдарламалар орталығы бұл деректерді растады, алайда қалған орындар жоғалмағанын айтты.

"Көрсетілген 54 стипендияның 5-еуі "жасанды интеллект" бағыты бойынша тағайындалды, қалған 49 стипендия инженерлік-техникалық бағыт аясында игерілді", - деп хабарлады орталық.

"Болашақ" өкілдері сол кезде "жасанды интеллект" бағыты жеке санат ретінде бекітілмегенін түсіндірді.

Сондай-ақ орталық "Жасанды интеллект туралы" заң мен Цифрлық кодекс қабылданғаннан кейін AI бағыты жеке санатқа бөлінгенін хабарлады.

Пікірлерді оқу