Ешқандай дәмхана мен мейрамханасыз: министр бітіру кештерін өткізу ережелерін еске салды

ПОДЕЛИТЬСЯ

Ешқандай дәмхана мен мейрамханасыз: министр бітіру кештерін өткізу ережелерін еске салды Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қазақстанда мектеп түлектеріне аттестат тапсыру салтанаты 17–18 маусымда өтеді. Бұл ретте бітіру кештерін тек білім беру ұйымдарының базасында өткізуге рұқсат беріледі. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Tengri Education.


Қазақстанда мектеп түлектеріне аттестат тапсыру салтанаты 17–18 маусымда өтеді. Бұл ретте бітіру кештерін тек білім беру ұйымдарының базасында өткізуге рұқсат беріледі. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова мәлімдеді, деп хабарлайды Tengri Education.

Сүлейменованың айтуынша, министрлік оқу жылын аяқтау іс-шараларын өткізудің бірыңғай тәртібін белгіледі.

"Мектеп түлектеріне аттестат тапсыру салтанаты 17–18 маусымда өтеді. Бітіру іс-шараларын тек білім беру ұйымдарының базасында өткізу қарастырылған", - деді министр үкіметте өткен брифингте.

Сүлейменова бітіру кештерін мектептен тыс жерде ұйымдастыруға жол берілмейтінін баса айтты.

"Мейрамханаларда, дәмханалар мен банкет залдарында бітіру кештерін ұйымдастыруға, сондай-ақ заңсыз ақша жинауға тыйым салынады", - деп ескертті ол.

Шенеуніктің айтуынша, Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктердің бітіру кештерін өткізуге бақылауды күшейтуді қарастыратын бірлескен бұйрығы қабылданды.

"Әкімдіктер бұл мәселені ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, қатаң бақылауда ұстауы қажет", - деп атап өтті министр.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрлігі бітіру кештері қауіпсіз және ата-аналар үшін қосымша қаржылық жүктемесіз өтуі тиіс екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын.

Тағы оқыңыз: Қазақстан мектептерінде бітіру емтихандары қашан басталады

TengriEdu