29 сәуір 2026 12:08

Мектепте смартфон қолдануға тыйым салу. Мәжілісте маңызды өзгеріс қарастырылып жатыр

Фото © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов

Қазақстандық оқушыларға оқу орындарында смартфон қолдануға тыйым салынуы мүмкін. Соңғы шешімді Оқу-ағарту министрлігі қабылдайды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Бөлісу

Қазақстандық оқушыларға оқу орындарында смартфон қолдануға тыйым салынуы мүмкін. Соңғы шешімді Оқу-ағарту министрлігі қабылдайды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Мәжілісте педагог мәртебесі және білім беру мәселелері туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр. Құжатта орта білім беру ұйымдарында ұялы құрылғыларды пайдаланудың бірыңғай ережесін бекіту ұсынылған.

Депутат Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, бүгінде әр мектеп смартфон пайдалану саясатын өз бетінше айқындайды. Депутаттар барлық оқу орындары үшін бірыңғай ереже орнатуды, ал мобильді құрылғыларды қолдану туралы шешім қабылдау құзыретін Оқу-ағарту министрлігіне беруді ұсынды.

Жарнама
Жарнама

"Бірыңғай ереже жоқ. Тәжірибеде бұл көптеген директордың шешім қабылдаудан қашуына әкеп соғады. Өйткені ата-аналармен пікірталастан, шағымдардан қорқады. Нәтижесінде бір мектепте телефондарға тыйым салынса, көрші мектепте жоқ, үшінші мектепте тіпті басқаша. Біз бұл құзыретті Оқу-ағарту министрлігіне беруді ұсынамыз. Министрлік бірыңғай саясатты айқындайды және ол еліміздегі барлық мектепте қолданылады. Ортақ және барлығына түсінікті", - деді депутат Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар заң жобасында мыналар ұсынылады:

  • педагогтердің білім алушылар үшін жауапкершілігін тек оқу процесі кезінде белгілеу;
  • педагогтердің қағаз және электрондық форматта бір мезгілде есеп жүргізуіне жол бермеу;
  • балалардың өмірі, денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігін кеңейту.

Педагог мәртебесі және білім беру туралы заң жобасы бірінші оқылымда қаралып жатыр. Алда Мәжілістегі екінші оқылым, құжаттың Сенатта қаралуы және Президенттің қол қоюы күтіп тұр.

Еске сала кетейік, ақпанда педагог мәртебесі және білім беру мәселелері бойынша заң жобасы Мәжіліс қарауына қабылданған болатын. Сол кезде депутаттар оқушыларға смартфонды тек сабақ кезінде емес, үзілісте де қолдануға тыйым салынуы мүмкін екенін жоққа шығармаған еді. Бұл ретте түпкілікті шешімді бейінді министрлік қабылдайтыны атап өтілген болатын.

Пікірлерді оқу