Алматыда суретші Байтұрсын Уморбековтің 70 жылдық мерейтойы атап өтілді
Қазақстандық белгілі суретші әрі педагог Байтұрсын Уморбеков 70 жасқа толды. Мерейтойға белгілі қайраткерлер мен Алматыдағы Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері қатысты, - деп хабарлайды Tеngrinews.kz тілшісі.
Қазақстандық белгілі суретші әрі педагог Байтұрсын Уморбеков 70 жасқа толды. Мерейтойға белгілі қайраткерлер мен Алматыдағы Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының студенттері қатысты, - деп хабарлайды Tеngrinews.kz тілшісі.
Байтұрсын Есжанұлы қарапайым мұғалімнен проректор қызметіне дейін көтерілген. Ол Жүргенов атындағы ҚазҰӨА негізін қалағандардың бірі. Мұнымен қатар, Уморбеков ЮНЕСКО ісі жөніндегі ҚР Ұлттық комиссияның мүшесі және "ИКОМ Қазақстан" музейлер ассоциациясының президенті. Суретшінің шығармашылық еңбектері республика музейлерінде және жеке жинақтарында сақтаулы. Ол - көптеген халықаралық және республикалық музей жобаларының, альбомдарының, мақалаларының авторы.
Байтұрсын Уморбеков
Салтанатты іс-шараға мерейтойға орай Қазақстанның Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов Уморбековке шығармашылық еңбектері үшін ұйымның атынан Қастеев атындағы алтын медальді және Суретшілер одағының алтын жалатылған медалін тақты.
"Бүгін қуанышты жаңалық, біздің құрметті профессорымыз өмір жолындағы тағы бір белестен өтіп отыр. Әріптесіңіз ретінде сізді білемін, өте қатты құрметтеймін. Елімізде осындай адамдар болса, Қазақстанда өнер әрдайым биікте болады деп ойлаймын. Себебі сіз бар өміріңізді өнерге арнап, зор үлесіңізді қостыңыз. Сіз осы академияның негізін қалағандардың бірісіз. Сіз осында 32 жасыңызда келіп, еңбек етіп келесіз. Сондықтан ұзақ әрі бақытты ғұмыр тілеймін", - деді Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректоры Бибігүл Нүсіпжанова.
Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректоры Бибігүл Нүсіпжанова.
Айта кетейік, ақсақал осы жасқа келсе де, ҚазҰӨА-да жұмыс істеп келеді. Байтұрсын Есжанұлының айтуынша, мұндай шабытты ол өнерге деген махаббатынан алады екен. Ол өзінен кейін Қазақстанның көркем өнеріне зор үлес қалдырып кеткісі келетінін атап өтті.
"Қазіргі уақытта мен студенттерді "көркем сурет реставрациясы" мамандығы бойынша оқытамын. Музей ісі, композиция және көркем сурет бойынша дәріс оқимын. Өкінішке қарай, қазір жастар өзгерген. 20 жыл бұрын олардың қызығушылығы зор еді, шығармашылық жағынан белсенді болатын. Олар шығармашылықты үйренуге асығатын. Мен қазір жалпы жастарды айтып отырмын, ал өзім оқытып жатқан қыздардың жөні бөлек. Олардың қызығушылығы зор, оларға осы мамандық бойынша білім беретініме сенемін, көңілім толады", - деп мәлімдеді суретші.
"Ең бастысы - студенттердің арасында өнерге келемін деушілердің болғаны. Оларға жәрдемдеспей, көмек қолын созбау адамгершілікке жатпайды. Сондықтан өзіңе үмітпен, құрметпен қарап, сенен үйренгісі келсе, бұдан асқан. Және бұл мен үшін ең бастысы", - деді Байтұрсын Уморбеков.
Байтұрсын Уморбеков (оң жақта)
Айта кетейік, Байтұрсын Уморбеков ғылыми-педагогикалық және шығармашылық жұмыстармен айналысады. Ол суреттен, көркем суреттен және композициядан сабақ береді. Сонымен қатар, ол осы тақырыптар бойынша бірнеше оқыту әдістемесі мен екі кітап жазған.
"Маңызды әрі мазмұнды жұмыстың болғанын қалаймын. Жазған еңбегімнің біреуге пайдасы тисе екен деймін. Өнер - маңызды дүние, онымен өмір сүру керек, ол туралы армандау керек. Үнемі өнерде болғың келеді. Бұл арман менің ойымнан ешқашан кеткен емес", - деп қорытындылады сөзін Байтұрсын Уморбеков.