ПОДЕЛИТЬСЯ
11 қазан 2017 | 21:41
Әуезов атындағы академиялық драма театрының 92-ші маусымы ашылды
Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының 92-ші маусымы ашылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрының 92-ші маусымы ашылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың "Рухани жаңғыру" бағдарламасының және ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы аясында "Театр әлеміндегі рухани жаңғыру" атты шараға БАҚ өкілдері мен өнер тұлғалары қатысты.
БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ерлан Біләл, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі, Қазақстанның Еңбек ері, КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, театр директорының кеңесшісі, Қазақстанның халық артисі Есмұхан Обаев, театрдың "Әдебиет" бөлімінің меңгерушісі, Халықаралық "Алаш" сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова, театрдың "Музей" бөлімінің меңгерушісі Наргиз Тамабекқызы, театрдың "Баспасөз қызметі" бөлімінің жетекшісі, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Бақыт Беделханұлы қатысты.
"Былтырғы маусымда алты шығармамыз сахнада көрсетілді. Халықаралық дәрежедегі фестивальдар, жоспардағы гастрольдер өтіп жатыр. Тәжікстанда өткен театр фестивалінде де спектакльдер көрсеттік. Биылғы жыл 92-ші маусым Атырау облысынан гастрольдік сапардан басталды. Бұл өте ауқымды фестиваль болды. Бір күнде төрт спектакль қойдық. Айта кетейін, ол шара Асанәлі Әшімовтің 80 жылдығына орай ұйымдастырылды. Онымен қоса, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Лондонға барып қайттық", - деп айтып өтті театр директоры Ерлан Біләл.
Сонымен қатар, ол осы театр маусымының басты жаңалығы мен ерекшелігіне тоқталды. "Биылғы 92-ші маусымның алғашқы ерекшеліктерінің бірі - Әуезов театрының шаңырағында Алматыдағы сегіз театрдың тарихынан сыр шертетін көрме ұйымдастырылып отыр. Алғашқы жаңалығы осындай. Ал екінші ерекшелігі осы жылдың соңына дейін, яғни Жаңа жылға дейін бізде екі жаңа қойылым жарық көреді", - деді театр директоры.
Сондай-ақ, айтуынша, биыл желтоқсанға қарай театрдағылар Жапонияға баруды жоспарлап отыр. "Министрлік қолдау көрсетіп, Жапонияда елшілігіміз бар. Жапонияның Сыртқы Істер министрлігімен келіссөздер жүргізіліп жатыр", - деді Ерлан Біләл.
Ал халық әртісі Асанәлі Әшімов өз кезегінде алдағы жоспарларды айта отырып, "Бейбарыс" спектаклін ағылшын тілінде көрсетіп, қазақ халқын бүкіл әлемге танытқысы келетін айтты. "Осы спектакльді Англия, Франция, Америка, Жапония сияқты елдерде көрсету керек", - деді Әшімов.
Баспасөз мәслихатынан кейін театр артистерінің салтанатты шеруі өтті.
"Бұл Әуезов бастаған ұлы драматург пен жазушыларымыз, әртістеріміз қызмет еткен орта. Өнер әрқашан сіздердікі. Барлығы сіздер үшін, халықпен тығыз байланыста болатын осы әртістер. Сондықтан бүгінгі тойларыңыз құтты болсын. Қазақстан Театрлар ассоциациясының ұйымдастыруымен қазір көрмені ашамыз. Әртістермен кездесіп тұрыңыздар. Өмірде таза, өнерде таза қауым осылар, әртістер", - деді Әшімов көрменің тұсаукесері алдында.
Көрме салтанатты түрде ашылған соң барлық қатысушы көрмені аралай бастады.
Айта кетейік, академиялық драма театрдың 92-маусымы Мұхтар Әуезовтің "Абай" трагедиясымен ашылды.
Показать комментарии
Читайте также