1. Басты
  2. Оқы
Реклама
Реклама

Наурызды атап өтудің жаңа концепциясын қолға алуымыз керек

Тақырыбындағы жарияланымда онлайн оқу ✅ Наурызды атап өтудің жаңа концепциясын қолға алуымыз керек ⚡ Tengrinews.kz жаңалық порталынан өзекті тақырыптағы қызық әрі маңызды ақпараттарды оқыңыз.

Наурыз мерекесі жақындаған сайын əр жерлерде іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Осы орайда пікірімді білдіргенді жөн санадым. Өткен жылы Ұлттық арнаға берген сұхбатымда "Наурыз мерекесі дəстүрлер шеруі ретінде ғана өтілмеуі керек. Қазіргі уақытта Наурыз мерекесін атап өтудің жаңа концепциясын қарастыру керек" деп айтқан болатынмын. Алғаш рет КСРО уақытында Наурызды тойлаған кезде барлық дəстүрлеріміз сахналанып көрсетілетін. Баланы бесікке бөлеуден бастап, қыз ұзату, келін түсіру сияқты салттар да сахналанды. Тіпті, сахнаға Жаңа жыл мерекесінен калькаланған Қыдыр баба мен Наурызгүл де шығып жүрді. Бұның барлығы алғашқы кезде жөн саналды. Себебі, осы мереке арқылы жоғалғанымызбен қайта қауыштық. Ұмытқанымызды еске түсірдік.
Ал, қазіргі күні Наурыз мерекесі дəстүрлерді еске салатын, салтты жаңғыртып отыратын күн ретіндегі миссиясын толық атқарып болды. Ендігі жерде Наурызды атап өтудің жаңа концепциясын қолға алуымыз керек. Өткен жылы Ұлттық музейдің экс-директоры Дархан Мыңбай осы іске бастамашы болды. Біраз ғалымдарды жинап кеңесті. Ғалымдарымыз анау айтқандай ұсыныс бере алмаған соң, Мыңбай мырзаның тəуір бастамасы аяқсыз қалды. Ассамблеяға барған Дархан Қамзабекұлы алдағы уақытта бұл бастамасын өзі жалғастырады деген ойдамын. Жинап, шақырса, ұсыныс беруге дайынмын.

Реклама
Реклама

Биыл Наурыз мерекесін тойлауды ертерек бастап кеткен өңірлер бар екен. Арасында музей ұжымдарын байқап жүрмін. Əлеуметтік желіге салған фотоларында музей ішіндегі "Киіз үй" экспозициясында отырған шапандылар көзге ыңғайсыздау көрінеді. Біріншіден, музей экспозициясындағы экспонат дүниелерді төсеніш, ыдыс-аяқ, жабу, сахналық костюм ретінде пайдалануға ешкімнің құқығы жоқ. Пайдаланып жүрген музей директорларына айыппұл салу мəселесін қарастыруды ұсынамын.

Екіншіден, Наурыз мейрамы - ізгілік пен мейірімнің мейрамы. Қыстан аман шыққан жұрт бірін бірі түгендеп, ауру-сырқауының көңілін сұрап, жетім-жесірінің жоғын жоқтайтын. Ат жарыстырып, қазан көтеретін. Сондықтан сахнаға қытай шапанын киген жігіт пен үйде күйеуі бар келіншекті шығарып "үйлендіріп" қажеті жоқ. Экспонат болып саналатын бесікке қуыршақты салып алып "бесікке салу" салтын көрсететін басшылар да ойланар. Көрермендері 100% қазақ болатын жиын үшін бұл дəстүрлерді көрсету қызық емес. Немесе бір бастықтың баласының тұсауын кесіп "тұсаукесер" дəстүрін көрсету "показуха" екені рас. Өткен жылы осындай олқылықтардың алдын алу үшін Ұлттық музейде балалар үйіндегі тəрбиеленушілердің тұсауын кестірдік. Атақты, елге сыйы бар азаматтар келіп тұсауын кесті. Тұсаукесер рəсімі фото мен видеоға түсіріліп, тұсауын кім кескені туралы анықтамасымен бірге балалар үйіндегі тəрбиеленушінің жеке іс парағына тіркелді. Заң бойынша жеке іс парағы 70 жыл сақталады. Демек, сол күнгі оқиғамен балалар үйінің түлектері болашақта ерекше мейіріммен танысатын болады. Елге, қоғамға құрметі артады. Мүмкін ержеткенде тұсауын кескен кісілермен кездесер) Ол балалар үшін Ұлттық музей қасиетті орын болып саналар... Таяуда бұл жобаны өзге музейлерге де ұсындық. Ұсыныс берілген 20 шақтың музейдің 3-уі ғана Ұлттық музей тəрізді "Тұсаукесер" рəсімін өткізуге келісті. Екеуі ертең өткізеді, біреуі сəл кейінге шегерді. Қалған музейлер ойлана жатар...

Наурызда осындай шаралар қолға алынса екен. Шамасы жеткендер көкпар тартып, бəйге берсін. Қолынан келгендер жоқ-жітікке көмектессін. Қалтасы көтермейтіндер қолынан келгенше тал ексін, айналасына жылы сөз айтсын. Мерекені бəсекелестік бағытта емес, жалпыға ортақ теңдей негізде атап өткеніміз жөн. Жалпы, Наурыз мерекесі мейірімділік тақырыбының аясында тоғысса деймін.