Елордалық Әділет департаменті жеңілдетілген атқарушылық іс жүргізу және олардың тұрғындар үшін артықшылықтары туралы айтты

Елордалық Әділет департаменті жеңілдетілген атқарушылық іс жүргізу және олардың тұрғындар үшін артықшылықтары туралы айтты

Елордада атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруға бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы бағыттағы қазіргі нәтижелер мен негізгі жұмыс бағыттары туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Мөлдір Есенқұлова мәлімдеді, - деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Елордада атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруға бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Осы бағыттағы қазіргі нәтижелер мен негізгі жұмыс бағыттары туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Мөлдір Есенқұлова мәлімдеді, - деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Бүгінде Астана қаласында 286 жеке сот орындаушысы қызмет атқарады. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 13%-ға артқан.

Департамент атқарушылық іс жүргізудің тиімділігін арттыруға бағытталған кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асырады. Соның ішінде оңайлатылған іс жүргізу тетігіне ерекше назар аударылып отыр.

Ол Қазақстан Республикасының "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" Заңы шеңберінде іске асырылып, 20 айлық есептік көрсеткішке дейінгі берешектерді жедел әрі автоматты түрде өндіруге мүмкіндік береді. Барлық рәсімдер цифрлық форматта жүзеге асырылады: борышкерге хабарлама жолданады, банктік шоттарға сұрау салынады және қажет болған жағдайда өндіріп алу шаралары қабылданады.

Осылайша, құжаттарды орындау мерзімі 30 күнге дейін қысқарады.
Жыл басынан бері оңайлатылған іс жүргізу аясында 35 мыңнан астам атқарушылық құжат тіркелген. Олардың едәуір бөлігі орындалып, қалғаны әрі қарай жұмыс жүргізу үшін жеке сот орындаушыларына жолданған.

"Атқарушылық іс жүргізудің ашықтығын арттыру мақсатында цифрлық жобалар енгізілуде. Солардың бірі – "Тараптар кабинеті" модулі. Бұл жүйе арқылы азаматтар атқарушылық іс жүргізудің барысын онлайн режимде бақылауға, сот орындаушысының әрекеттері туралы ақпарат алуға, сондай-ақ электронды түрде өтініштер мен шағымдар жолдауға мүмкіндік алады.

Атқарушылық іс жүргізудің басты артықшылығы – азаматтардан жеке сот орындаушысының қызмет ақысы өндірілмейді.

Департамент дерегіне сәйкес, бұл халыққа шамамен 44 млн теңгені үнемдеуге мүмкіндік беріп, қаржылық жүктемені айтарлықтай азайтқан", – дейді спикер.
Азаматтардан келіп түскен өтініштерді талдау атқарушылық іс жүргізу саласында бірқатар жүйелі мәселелер бар екенін көрсетті.

Ең жиі көтерілетін тақырыптар: банктік шоттарға қойылған тыйымдар мен шектеулерді алып тастау, алимент өндіру бойынша шаралардың жеткіліксіздігі немесе борышкерлердің төлемеу мәселесі, сот орындаушылары тарапынан хабарламалардың уақытылы жіберілмеуі, жалақы шоттарына толық көлемде тыйым салу мәселелері, қабылданған шаралардың заңдылығына қатысты.

Атқарушылық іс жүргізу барысы туралы ақпараттың жеткіліксіздігі туралы да өтініш бар. Мұндай өтініштердің болуы халықпен байланысты одан әрі жетілдіру қажеттігін көрсетеді.
Осы деректерді есепке алу және талдау Департаментке жұмысты жедел түзетуге және қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Алимент өндіріп алу мәселесі - басты назарда. Қазіргі таңда жеке сот орындаушыларының өндірісінде осы санат бойынша 23 мыңнан астам іс бар. Кейбір атқарушылық істер бойынша берешек 3 айдан астам уақыт бойы өтелмеген. Сонымен қатар берешектерді төлеуден жалтарғандар да бар.

"Алимент төлемейтін борышкерлерге қатысты әкімшілік және қылмыстық сипаттағы шаралар қолданылады. Сонымен қатар борышкерлерді жұмыспен қамту бойынша жұмыс жүргізіліп келді. Қазіргі таңда бірқатар борышкер тұрақты табыс көздерімен қамтамасыз етілген.

Департамент атқарушылық іс жүргізуді цифрландыруды жалғастырып, ашықтықты қамтамасыз ету және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстарды іске асырады.
Негізгі басымдық – азаматтардың құқықтарын қорғау, құжаттарды орындау мерзімдерін қысқарту және халықпен тиімді байланыс орнатуды арттыру", – деп спикер сөзін қорытындылады.

Tengrinews
Астана әкімдігі ұсынған материал

Реклама
Реклама