Астанада Student Games League студенттік грэпплинг лигасының финалы өтті. 3000-нан астам көрермен қатысқан турнир жастар арасында есірткі қылмысының алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Турнир "Заң мен тәртіп" қағидатын іске асыру аясында Астана қаласы Полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Астана қаласының грэпплинг федерациясының қолдауымен өтті.
Жарыстың ұйымдастырушысы – URG Group компаниясы.
"Бізде ерекше формат – "қабырғаға қабырға". Бұл көрермендер арасында әрдайым үлкен эмоция тудырады. Біз дұрыс тәсіл арқылы студенттік ойындардың медиа кеңістікте кеңінен танылатынын көрсеткіміз келеді. Қазіргі таңда грэпплинг танымалдықтың шыңында, онымен әлемдік кино жұлдыздары айналысады, ал Қазақстанда бұл бағыт қарқынды дамып келеді", – деді компания директоры Мырзахмет Мырзаханов.
Көкшетаудан келген А.Мырзахметов атындағы университеттің атынан қатысқан жаттықтырушы Рамазан Қаракөз мұндай турнирлер жастарды қылмыс пен зиянды әдеттерден сақтаудың тиімді жолы екенін атап өтті.
"Бұл – дұрыс бағыт. Адам жақсы іспен шұғылданбаса, жаман іс өзі-ақ пайда болады. Ал мұндай ауқымды форматтағы студенттік лига алғаш рет өткізіліп отыр, бұл спорттың танымал болуына үлкен серпін береді", – деді 10 жылдық тәжірибесі бар жаттықтырушы.
Қатысушылар үшін турнир өздерін танытуға ғана емес, сонымен қатар оқу орнының намысын қорғауға мүмкіндік болды.
Жарыстың жүлде қоры 1,5 миллион теңгені құрады. Алайда Қазақ ұлттық спорт университетінің 4-курс студенті Аят Төлеубектің айтуынша, ақша басты қызығушылық емес.
"Біз үшін бұл – өте маңызды күн. Университет намысын сирек қорғаймыз, ал мен қазір төртінші курсты аяқтап отырмын, бұл сүйікті оқу орным үшін соңғы рет жарқырайтын мүмкіндігім. Мұндай деңгейдегі продакшн мен промоушнды бұрын көрген емеспіз. Атмосфера ерекше! Университеттерде грэпплинг клубтары қазірдің өзінде лық толы, жастардың спортқа деген қызығушылығы шынымен ерекше", – деді ол.
Турнир үш аптаға созылған марафонның қорытынды кезеңі болды. Іріктеу кезеңдеріне қатысқан сегіз жоғары оқу орнының ішінен финалға үздіктері шықты. Олардың қатарында Астанадан үш және Көкшетаудан бір университет бар.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – тек медаль алу емес, жастар арасында тыйым салынған заттарға қарсы иммунитет қалыптастыру.
"Біздің негізгі міндет – әсіресе жасөспірімдер арасында есірткіге деген қызығушылықты азайту. Біз жастарға салауатты өмір салты дағдыларын қалыптастыруымыз керек, сонда олар тыйым салынған заттарға жоламайтын болады", – деді полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы.
Оның айтуынша, жыл басынан бері полиция дәрістерден бастап ауқымды акцияларға дейін 200-ге жуық түрлі іс-шара өткізген.