ПОДЕЛИТЬСЯ
- Басты
- 10 шілде 2026 12:20
Астанада қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы ауқымды профилактикалық жұмыстар жалғасып жатыр
Елордада балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жаз мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында құтқарушылар полиция қызметкерлері мен еріктілермен бірлесіп, тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді, - деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Жыл басынан бері балалардың терезеден құлауының алдын алу бағытында қала аумағында 250-ден астам профилактикалық рейд ұйымдастырылып, тұрғындарға 4 500-ден астам ақпараттық жадынама таратылды. Сонымен қатар әлеуметтік осал санаттағы, көпбалалы және кішкентай балалары бар отбасыларға 1 400-ден астам терезе қауіпсіздік бекіткіші тегін орнатылды.
Профилактикалық іс-шаралар барысында құтқарушылар ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмаудың, москит торына сенбеудің, терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатудың және терезе маңына жиһаз қоймаудың маңызын түсіндіреді.
Сонымен қатар жазғы демалыс кезеңінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында құтқарушылар күн сайын қаладағы су айдындарында профилактикалық рейдтер өткізіп келеді. Рейд барысында демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелері түсіндіріліп, арнайы ақпараттық жадынамалар таратылады. Сондай-ақ азаматтарға су айдындарындағы қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364 және 412-баптарына сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделгені ескертіледі.
Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындар мен қала қонақтарын балаларды қараусыз қалдырмауға, тек арнайы жабдықталған әрі рұқсат етілген орындарда ғана шомылуға, судағы және тұрмыстағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң сақтауға шақырды.
Мамандардың айтуынша, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау жаз мезгіліндегі қайғылы оқиғалардың алдын алудың ең тиімді жолы болып табылады.
Астана әкімдігі ұсынған материал