Білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік: Шымкентте бірқатар маңызды жобалар іске асырылып жатыр

Шымкент қаласында тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру бағытында бірқатар маңызды жұмыстар іске асырылып жатыр.

Шымкент қаласында тұрғындардың қауіпсіздігі мен өмір сапасын арттыру, инфрақұрылымды дамыту, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жетілдіру бағытында бірқатар маңызды жұмыстар іске асырылып жатыр.

Табиғи газды пайдалану қауіпсіздігі

Қала тұрғындарын табиғи газды пайдалануда қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз. Газ тұтыну жүйелері мен жабдықтарының техникалық жағдайын үнемі тексеріп, қызмет көрсетуші мекемелермен келісімшарт жасау – міндетті талап. Тұрмыстық мақсатта газ плитасын жылыту үшін пайдалану газдан улануға әкелуі мүмкін. Газ иісі сезілген жағдайда дереу "104" нөміріне хабарласу қажет.
Талаптарды бұзу ҚР ӘҚБтК-нің 306-бабы бойынша 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеледі.

"Жұлдыз" индустриалды аймағында теміржол тұйығының құрылысы

Индустриалды аймақта өндіріс орындарының логистикасын жеңілдету үшін жаңа теміржол тұйығы салынып жатыр. Жобада ұзындығы 5 шақырым болатын 5 жолақты инфрақұрылым қарастырылған. Жыл соңына дейін пайдалануға берілуі жоспарланған нысан кәсіпорындардың теміржол желісіне тұрақты қосылуына мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау саласындағы іс-шаралар

22 қарашада Онкологиялық орталық базасында "Өкпе обыры" қатерлі ісігінің алдын алу бойынша ашық есік күні өтеді. Азаматтар онкохирург кеңестерін және рентген, УДЗ қызметтерін көрсеткіштері бойынша тегін ала алады.

29–30 қарашада №7 қалалық емханада балалардағы УДЗ-диагностика бойынша халықаралық деңгейдегі мастер-класс ұйымдастырылады. Семинарға Ресейдің жетекші мамандары қатысып, балалардағы асқазан-ішек патологияларын анықтау әдістерін оқытады. Бұл шара өңірдегі медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, жедел жәрдем қызметкерлерін бейнежетондармен жабдықтау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Құрылғы қауіпті жағдайлардың алдын алып, қызмет сапасын бақылауға мүмкіндік береді. SOS батырмасы арқылы бригадаға жедел көмек шақыруға жол ашылады.

Тұрғын үй құрылысы

Биыл қалада көпқабатты 57 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 2 412 пәтерлі 31 үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Қазіргі таңда 972 пәтерлі 12 үй тұрғындарға тапсырылды. Баспаналар "Отбасы банкі" арқылы кезектегі азаматтарға үлестіріледі. Қаладағы тұрғын үй кезегінде 89 678 азамат бар.

Білім беру саласындағы жаңа жобалар

Шымкент қаласында білім сапасын арттыру мақсатында "САПАЛЫ БІЛІМ" кешенді жобасы әзірленіп жатыр. Жоба педагогтердің кәсіби біліктілігін көтеруге, функционалдық сауаттылықты дамытуға, оқу үдерісін цифрландыруға және басқарушылық шешімдерді деректерге негіздеуге бағытталған.

Оқушылардың оқу дағдыларын дамыту мақсатында "Кітаппен қанаттан", "Жыр бұлағы – сөз сыры", "Жыр додасы", "Алтын қалам", "Ұлттық диктант", "Сөз мерейі", "Озық ойлы ұлт" сияқты әдеби, тілдік және шығармашылық байқаулар өткізіледі.

Цифрлық білім беру экожүйесін дамыту бағытында "Shymkent Bilim Hub" жобасы іске қосылады. Ол педагогтер мен оқушылардың ЖИ және цифрлық технологиялар бойынша құзыреттілігін күшейтуді көздейді.

Құрылыс талаптарын сақтау

Шымкент қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы рұқсатсыз құрылыс фактісін анықтап, Адырбеков көшесіндегі ғимарат иесіне 800 мың теңгеден астам айыппұл салды. Заңсыз құрылысты тоқтату туралы нұсқама берілді. Қала тұрғындарына кез келген құрылысқа дейін тиісті рұқсат алу қажеттігі ескертіледі.

Экология мәселесі

Қаратау ауданының 192-орамындағы "СТ-Бетон" ЖШС-на қатысты жүргізілген тексерулерде заңбұзушылық анықталмағанымен, тұрғындардың талаптарын ескере отырып, зауытты басқа аумаққа көшіру туралы шешім қабылданды. Қазір көшіру жұмыстары басталды.

Қылмыстық ахуал және құқықтық қауіпсіздік

Өткен аптада қалада 191 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде ең жиі кездесетіндері – алаяқтық (61 іс), ұрлық (47 іс), есірткі қылмыстары (12 іс), жол-көлік оқиғалары (6 іс).

Интернет-алаяқтық әлі де жиі тіркелуде. Белгісіз адамдардың 1414 кодын сұрауы, жалған банк қызметкерлері атынан қоңырау шалуы, инвестициялық жарнамалар – басты әдістер. Тұрғындардан жеке деректерді ешкімге бермеу және күмәнді әрекеттер туралы дереу "102"-ге хабарлау сұралады.

Жол-көлік оқиғаларының көбеюіне жылдамдықты арттыру, телефонға алаңдау, рұқсатсыз жерден өту және кәмелетке толмағандардың скутерді ережесіз басқаруы себеп болуда. Ата-аналарға балалардың қозғалыс қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау қажеттілігі ескертіледі.

Көпқабатты үйлердегі велосипед пен арба ұрлықтары да жиілеп отыр. Заттарды дәліздерде қараусыз қалдырмау ұсынылады.

Tengrinews
Шымкент ІСБ ұсынған материал

Реклама
Реклама