Ақша айырбастау орындары алтын құйма сата бастады
Халыққа қолжетімді бола бастаған алтын құймаларды қазақстандықтар енді кез келген ақша айырбастау орындарынан сатып ала алады, - деп хабарлады "Хабар 24".
Халыққа қолжетімді бола бастаған алтын құймаларды қазақстандықтар енді кез келген ақша айырбастау орындарынан сатып ала алады, - деп хабарлады "Хабар 24".
Телеарнаның мәліметінше, валюта нарығындағы кәсіпкерлерге құймаларды тікелей Ұлттық банктен сатып алуға қолайлы жағдай жасалған. "Екінші деңгейлі банктерде сатылатын алтын құймалардың бағасы айырбас пункттерінде әлдеқайда арзан болады", - дейді мамандар.
Төрт тоғыз "9999" үлгісіндегі алтын құймалардың 4 түрлі номиналы нарыққа 2017 жылдың мамырынан бастап шығарыла бастады. Ол бастапқы кезде екінші деңгейлі банктер арқылы сатылған болатын. Енді алтын құймалар ақша айырбастау пунктерінде саудаланады. ҚР Ұлттық банкі 5, 10, 20, 50 және 100 грамдық құймалар халыққа қолжетімді болуы үшін арнайы бағдарлама қабылдаған.
"Бұл бағдарламаның бірнеше артықшылығы бар. Біріншіден, құймаларды сатумен айналысуға құзыретті ұйымдар үшін қызмет көрсету аясының кеңеюі. Ал халық үшін инвестициялық жаңа құралдың қолжетімді болуы. Ақша айырбастау пунктері арқылы кез келген қазақстандық қалаған көлемде алтын құймаларын сатып ала алады", - деді ҚР ҰБ төлем балансы және валюталық реттеу департаментінің директоры Әнуар Қуандыков.
"Еліміздің Ұлттық банкінің ақша айырбастау пунктеріне алтын кесектерді сату жөніндегі бағдарламаға қатысу туралы ұсынысын қауымдастық оң қабылдады. Өйткені ақша айырбастау пунктері үшін қосымша шығынды талап етпейді. Техникалық тұрғыда барлық пунктер арнайы дабыл қаққыш жүйемен және қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған. Онымен қатар күзет қызметі бар. Сондықтан біз бірден келістік", - деді Қазақстан қаржы айырбастау орындары қауымдастығының президенті Аршын Ғалымбаев.
Ұлттық банктің алтын құймаларын сату бағдарламасына бүгінде еліміздің 50 ақша айырбастау пункті қатысып отыр. Мамандардың айытуынша, қазіргі кезде алтын құны аздап құбылатын болса, алаңдаудың қажеті жоқ. Алдағы уақытта, яғни 10-15 жылдан кейін алтын иесіне айтарлықтар кіріс алып келеді.
"Бағдарлама қолға алынғалы бері Ұлттық банк 5274 дана алтын құймасын сатып үлгерді. Бұл шамамен 195,5 келі. Жалпы барлық салмақтағы алтын кесектеріне сұраныс бар. 10 грамдық алтындарға сұраныс көбірек болды. Біз екінші деңгейлі банктер арқылы 2132 данасын саттық. Ал қалған 20-50-100 грамдық алтындар бірдей көрсеткіште саудалануда. Оның әр қайсысының шамамен 1 мың данасы сатылған", - деді ҚР ҰБ қолма-қол ақшаны басқару бойынша бас сарапшы Жасұлан Тайпақов.
Лондон биржасындағы сауда көрсеткіші арқылы құны бағаланатын металл, инвестициялық салым ғана емес, туыс-жақындар мен сыйлы адамдарға керемет тарту болмақшы.