Кейінгі 12 айда қазақстандықтардың зейнетақы жинағына 2,1 триллион теңгеден астам инвестициялық табыс есептелді. Мұны Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мәлімдеді, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қор деректеріне сүйенсек, 2025 жылғы мамыр мен 2026 жылғы сәуірдегі міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары және ерікті жарналар есебінен қалыптасқан зейнетақы активтері бойынша шамамен 2 триллион теңге инвестициялық табыс түскен. Осы кезеңдегі табыстылық 8,57 пайыз болды.
Сонымен қатар жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары есебінен жиналған активтерге тағы 108,19 миллиард теңге инвестициялық табыс есептелді. Бұл бағыттағы кейінгі 12 айдағы табыстылық 17,49 пайызға жеткен.
Осылайша, бір жыл ішінде зейнетақы жинақтарына түскен инвестициялық табыстың жалпы көлемі 2,1 триллион теңгеден асты.
БЖЗҚ инвестициялық табыс Қазақстан Ұлттық банкі мен инвестициялық портфельді басқаратын жеке компаниялардың зейнетақы активтерін басқаруы нәтижесінде қалыптасатынын еске салды. Табыс бағалы қағаздар мен депозиттерден түсетін сыйақы, дивидендтер, сондай-ақ қаржы құралдарын нарықтық және валюталық қайта бағалау есебінен жиналады.
Қор мамандары 2026 жылдың басынан бері инвестициялық табыс көлеміне теңгенің АҚШ долларына шаққанда нығаюы әсер еткенін де атап өтті. Осы кезеңде ұлттық валюта бағамы бір доллар үшін 505,53 теңгеден 462,91 теңгеге дейін күшейген. Соның салдарынан валюталық активтердің бір бөлігі теріс қайта бағаланған.
Дегенмен қаржы нарығындағы құбылмалылыққа қарамастан, ұзақ мерзімде зейнетақы жинақтары оң нақты табыс көрсетіп келеді. БЖЗҚ дерегінше, 1998 жылы жинақтаушы зейнетақы жүйесі іске қосылғалы бері жалпы инвестициялық табыстылық 1060,2 пайызды құрады. Осы аралықтағы жиынтық инфляция 979,41 пайыз болды.
Бұған қоса, 2014 жылдың сәуірінен бастап зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілгеннен кейін Ұлттық банк тапқан таза инвестициялық табыс 10,21 триллион теңгеге жетті. Бұл салымшылардың жалпы зейнетақы жинағының 39,7 пайызына тең.
Қор зейнетақы активтерін басқару тиімділігін қысқа мерзіммен бағалау дұрыс емес екенін ескертті. Себебі табыстылық нарықтағы ахуалға, валюта бағамының өзгеруіне және қаржы құралдарының құнына байланысты құбылып отырады. Сондықтан ұзақ мерзімді көрсеткіштер ғана нақты әрі әділ көрініс береді.
Бұған дейін Қазақстанда зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегін есептеу әдістемесі өзгеретіні хабарланған еді. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.