Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары тағайындалды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Мемлекет басшысының өкімімен Сырымбет Ерденұлы Қаскеев Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылды", - делінген хабарламада.
Мемлекет басшысының тағы бір өкімімен Әділ Құсманов Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Әділ Құсмановтың өмірбаяны
Әділ Құсманов 1994 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Назарбаев Университетін "математика" мамандығы бойынша тәмамдаған. "Болашақ" бағдарламасымен Оксфорд университетінде магистратурада оқып, математикалық модельдеу және ғылыми есептеулер мамандығын меңгерген.
Президенттік жастар кадр резервінің қатысушысы, сондай-ақ Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің мүшесі. Бірқатар халықаралық білім беру және кәсіби бағдарламаларға қатысқан.
Әр жылдары Қазақстанның ғылыми-талдау және мемлекеттік құрылымдарында жұмыс істеген, соның ішінде КАЗГЮУ аға оқытушысы, Тұңғыш Президент Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының жетекші сарапшысы, Президент жанындағы Әлеуметтік-экономикалық реформаларды талдау және мониторингтеу орталығы сарапшылық-талдау тобы жетекшісінің орынбасары, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігі жанындағы "Экономикалық зерттеулер институты" АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.
2024 жылғы қарашадан бастап Әділ Құсманов Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Халықаралық бағдарламалар орталығы" АҚ басқарма төрағасы қызметін атқарды.
Айта кетейік, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі – Президентке тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік орган. Агенттік стратегиялық жоспарлау, мемлекеттік статистикалық қызмет, реформалар жүргізу саласында басшылықты жүзеге асырады. Ол стратегиялық жоспарлау саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлейді, стратегиялық даму жоспарларының іске асырылуына мониторинг пен бағалау жүргізеді, мемлекеттік басқарудың жаңа жүйесін әзірлеуге жауапты орталық орган болып табылады.