14 қазан 2021 | 15:40

Қазақстандықтардың жартысынан көбінің онлайн оқуға көңілі толмайды - зерттеу

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 57,4 пайызы балалар онлайн форматта білім алуына қанағаттанбайды. Бұл туралы "Рухани жаңғыру" ҚҚДИ жүргізген әлеуметтік зерттеуде айтылады. "Рухани жаңғыру" ҚҚДИ Қоғамның жаңғыруын әлеуметтік зерттеу орталығының жетекшісі Регина Аюпова осылай деді. Tengrinews.kz бұл жайында "Online мектеп" жобасы аясында әңгімелейді.

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Сауалнамаға қатысқан қазақстандықтардың 57,4 пайызы балалар онлайн форматта білім алуына қанағаттанбайды. Бұл туралы "Рухани жаңғыру" ҚҚДИ жүргізген әлеуметтік зерттеуде айтылады. "Рухани жаңғыру" ҚҚДИ Қоғамның жаңғыруын әлеуметтік зерттеу орталығының жетекшісі Регина Аюпова осылай деді. Tengrinews.kz бұл жайында "Online мектеп" жобасы аясында әңгімелейді.

"Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, қатысушылардың жартысынан көбі онлайн оқытуға қанағаттанбады. 57,4 пайызы қанағаттанбайтынын айтты. Бұл респонденттердің басым бөлігі. 26,7 пайызы қанағаттанатынын, ал 16 пайызы бұл жағдайға кезікпегенін айтты. Яғни, баласы кішкентай немесе әлі баласы жоқ респонденттер болды", - деді Аюпова.

Онлайн форматтағы оқытуға неге қанағаттанбадыңыз деген сұраққа көбі "оқу үлгерімі нашарлауын" айтып жауап берген. "Респонденттердің жартысынан көбі онлайн форматта оқыту балалардың оқу үлгеріміне кері әсер етеді деп есептейді. Екінші орында - мектеп атмосферасы болмауы, бұлай жауап бергендер саны біріншісінен екі есе аз. Яғни, ата-аналар мен оқушылар сол атмосфераны сезінгісі келді, бірақ үйде отырып, олар мұны сезінбеді. Тағы бір себеп - мұғалім мен оқушылар арасында тікелей байланыс болмауы. Бұл мұғалімнің көп оқушыны қашықтан бақылай алмауына байланысты", - деді Әлеуметтік зерттеу орталығының басшысы.

Реклама
Реклама

Сондай-ақ, оның айтуынша, 17,8 пайызы техникалық ақаулар болғанын, бұл бесінші орындағы мәселе екенін атаған. "Біз БАҚ-тан, туыстарымыз бен таныстарымыздан кей отбасы ноутбукті тез арада сатып ала алмағанын оқып, естідік. Кей отбасында бірнеше баладан бар. Балалар бір компьютермен оқи алмайды, бірнеше компьютер, телефон сатып алуға тура келді. Осындай мәселе бар", - деп атап өтті Аюпова.

Сондай-ақ, зерттеушілер қазақстандық ата-аналардан болашақ мамандықты таңдауда еңбек нарығы өзгеріп, кейбір мамандық жоғалып кетуі мүмкін екенін ескере ме деп сұраған. "27,7 пайызы ғана еңбек нарығын зерттейді. Халықтың көпшілігі балаларының болашақ мамандығы туралы аса қатты алаңдамайды. Сонымен қатар, респонденттердің 28 пайызы баласының болашағына араласу дұрыс деп есептемейді. Яғни, бала жауапкершілікті мойнына алып, мамандықты өзі таңдайды", - деді Регина Аюпова.

Ол мынадай заңдылық барын баса айтты: респонденттердің білім деңгейі неғұрлым жоғары болса, олар еңбек нарығын соғұрлым жиі оқып-біледі. "Орташа білім деңгейіндегі респонденттер - еңбек нарығына қызығатындардың 22,5 пайызы, ал жоғары білімді респонденттер - бұлар бакалаврлар, магистрлер, ғылым кандидаттары - олардың 33,5 пайызы еңбек нарығын қарай жүреді. Білімі неғұрлым жоғары болса, ата-ана жауапкершілігі соншалықты жоғары. Балаға ең беделді мамандықтар өз кабинетінде отыратын заңгерлер мен экономистер емес екенін түсіндіру керек. Қазір жаңа мамандықтар пайда болып жатыр, еңбек нарығын зерттеу қажет", - деп атап өтті Аюпова.

Сондай-ақ, зерттеушілер қазақстандықтар еңбек нарығында жаңа технологиялар мен автоматтандырудың дамуына байланысты қайта оқуға және жаңа мамандық алуға қаншалықты дайын екенін сұрады.

"46,1 пайызы қайта оқуға және мамандығын ауыстыруға дайын екенін айтты. 42,4 пайызы мамандығы жарамсыз болып қалса да, оны ауыстыруға дайын емес екенін мәлімдеді. Жас респонденттер мамандығын ауыстыруға дайын, ал 46 жастан асқандар дайын емес екенін айтты", - деді Аюпова.

Сонымен қатар, оның айтуынша, қазақстандықтардың көбі пандемияға байланысты кәсібін ауыстырмаған. "Зерттеу нәтижесі бойынша, көпшілігі - 75,4 пайызы - жұмысын ауыстырмағанын мәлімдеді. Қатысушылардың төрттен бірі - жұмысын ауыстырған. Бірақ олардың ішінде 14,8 пайызы ғана жұмысын пандемия салдарынан ауыстырыпты. Қалған 9,8 пайызы - жұмысын ауыстырғанына пандемия түрткі емес екенін айтты", - деді Әлеуметтік зерттеу орталығының басшысы.

Сондай-ақ, қазақстандықтарға білім саласында қызмет алу үшін электрон қосымшаларды қаншалықты жиі қолданатыны туралы сұрақ қойылды. "43 пайызы, яғни қатысушылардың жартысынан азы білім беру қызметтерін алу үшін қосымшаларды қолданады. Бұл онлайн-курстар, тіл меңгеру курстары, кәсіп үйрену курстары. Бізде онлайн қызметтерді қолданатын жетекші өңірлер және аутсайдер-өңірлер бар. Жетекшілер қатарында Нұр-Сұлтан мен Алматы бары түсінікті жағдай, Павлодар мен Ақтөбе облыстары да көшбасшы болып тұр. Аутсайдерлер - Жамбыл облысы мен Солтүстік Қазақстан облысы: Жамбыл облысындағы респонденттердің 13,5 пайызы және СҚО-да 20,5 пайызы ғана білім саласында қызмет алу үшін электрон қосымшаны қолданатынын айтты", - деп атап өтті Регина Аюпова.

Сонымен қатар, зерттеуге қарағанда, жастар білім курстары мен білік арттыру курстарына жиі қатысады. Қала тұрғындары курстарға көбіне ақылы негізде, ал ауыл тұрғындары тегін қатысады.

"Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институты қазіргі ата-аналарға кеңес айтты:

  • болашақ мамандықты таңдауда кеңес беру үшін қазіргі кездегі еңбек нарығын, қандай мамандықтар сұраныста екенін және қайсы болашақта сұраныста болатынын зерттеу. Болашақта сұраныста болатын мамандықтарға арналған "Жаңа мамандықтар атласы" ғылыми зерттеу журналына назар аударған жөн;
  • бәсекеге қабілетті болу үшін қосымша курстар, білікті арттыру курстарынан өтуді әдетке айналдыру, бүгінде курстарға қатысуға және әлемнің үздік мұғалімдерінен білім алуға мүмкіндік бар;
  • ағылшын және басқа да шет тілдерін меңгеру.

Tengrinews.kz "Online мектеп" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. Оның аясында сайтта білім беру мен психология саласындағы мамандармен онлайн оқыту ерекшеліктері тақырыбында материалдар жарияланады.

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная