ПОДЕЛИТЬСЯ
26 қазан 2021 | 11:23
НЗМ оқытушысы халықаралық олимпиада жеңімпаздарын қалай дайындап шығару керегін айтты
Елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде химия пәнінің мұғалімі, "Қазақстан мұғалімі - 2020" ұлттық сыйлығының жеңімпазы, химия және биология пәндерінен оннан аса түрлі олимпиада жеңімпазын дайындаған Динара Бейсембаева онлайн оқу кезінде балаларды халықаралық байқауларға қалай дайындап жатқанын және дарынды балаларды қалай анықтау керегін айтып берді. Tengrinews.kz тілшісі кейіпкеріміз туралы "Оnline мектеп" жобасы аясында әңгімелейді.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Елордадағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде химия пәнінің мұғалімі, "Қазақстан мұғалімі - 2020" ұлттық сыйлығының жеңімпазы, химия және биология пәндерінен оннан аса түрлі олимпиада жеңімпазын дайындаған Динара Бейсембаева онлайн оқу кезінде балаларды халықаралық байқауларға қалай дайындап жатқанын және дарынды балаларды қалай анықтау керегін айтып берді. Tengrinews.kz тілшісі кейіпкеріміз туралы "Оnline мектеп" жобасы аясында әңгімелейді.
Динара Бейсембаева - Семей мемлекеттік педагогикалық институтының экология магистрі, 2000 жылдардың басынан бері химия пәнінен сабақ береді. Ол олимпиадаға алғаш рет оқушыларын 2005-2006 жылдары дайындай бастаған. 2015 жылы мұғалім оқушылардың қабілетін дамыту курсында оқып, онда дарынды балалардың қажеттіліктерін анықтауды, қызығушылығын одан әрі арттыруды үйренеді.
"Оқушылардың дарынын анықтау мәселесі өзекті, әр мұғалім өз пәніндегі дарынды балаларды анықтай алуы керек, оған қоса мотивациясын жоғары деңгейде ұстауы тиіс. Мотивацияны арттырудың бірнеше жолы бар. Мысалы, онлайн оқыту аясында мен "төңкерілген сынып" әдістемесін қолдандым. Оқушыларға үйде теориялық білім айтылған видеоны қарап келу тапсырылады, содан кейін олимпиадаға немесе ғылыми жобаға дайындық кезінде зерттелген теория негізінде тапсырмаларды бірге шешеміз", - дейді мұғалім.
Сондай-ақ, ол онлайн режимде балаларды олимпиадаға дайындау кезінде әртүрлі цифрлық құралдарды, компьютерлік симуляторларды, виртуал зертханалар мен химия бойынша мәліметтер базасын қолданғанын айтты.
"Пандемия кезінде әртүрлі цифрлық құралдар кең қолданылды. Жеке немесе топпен жұмыс кезінде оқушылар әртүрлі мәліметтер базасындағы химиялық деректерді зерттейді. Зерттеуге компьютерлік симуляциялар мен деректер базасын қолданады және олардың көмегімен химиялық заңдылықтарға тұжырым жасайды. Ал виртуал зертханалар практикалық дағдыларды дамытады", - дейді ол.
Динара Бейсембаеваның айтуынша, 2016-2017 жылдарға дейін химиялық эксперименттік жұмыс әдістері негізінен зертханаларда қолданылған. Бірақ цифрлық форматтың түр-түрін зерттегеннен кейін оған виртуал зертханалар мен компьютерлік симуляцияларды қолдану ұнаған.
Педагог виртуал зертханалардың артықшылығы мен кемшілігін айтты. Оның сөзінше, бұл әдеттегі эксперименттерді 100 пайызға алмастыра алмайды.
"Қарапайым экспериментте балалар иіс сезеді, түстің өзгеруін, белгілі бір реакцияларда тұнбаның түзілуін көре алады, ал виртуал зертханада мұндай жарқын сәттер болмайды. Виртуал зертханалардың артықшылығы - студенттер реакция механизмін молекулалық деңгейде көреді. Мысалы, зертханада химиялық реакция кезінде атомдар мен молекулаларды байқай алмаймыз, ал виртуалды зертханалар электрондардың тасымалдануын, ерітіндідегі иондардың қозғалысы мен тағы басқа процестерді көруге мүмкіндік береді. Бірақ виртуал тәсіл бәрібір тәжірибе кезін алмастыра алмайды, өйткені балалар онда ыдыспен, жабдықпен дұрыс жұмыс істеуді және тәжірибе кезінде деректерді жинауды үйренеді", - дейді педагог.
Ол халықаралық конкурстар мен олимпиадаларға дайындыққа балалар қалай іріктелетінін айтып берді.
"Химия - абстракт пән, ойлау қабілеті абстрактілі адам ғана химиялық процесс кезінде не болып жатқанын түсініп, елестете алады. Оқу процесінде біз балалардың пәнге қызығушылығын байқауымыз мүмкін, олар сыни және абстракт ойлау қабілетін көрсетеді. Сонымен қатар, сыныпта пәнге қызығушылық танытатын және оны тереңдетілген деңгейде зерттей алатын оқушыны психологиялық тұрғыдан анықтауға болады", - деді Динара Бейсембаева.
Мұғалімнің айтуынша, олимпиадаға дайындық 7-сыныптан басталады, ол бір жылдан бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін. Дайындық сабақтан тыс уақытта өтеді.
Динара Бейсембаева ірі конкурстар мен олимпиадаларға дайындалып жүрген оқушылар үшін мотивация мен дұрыс көңіл-күй маңызды екенін атап өтті.
"Жасөспірімдермен жұмыс кезінде мотивация өте маңызды. Баланы мотивациясыз дұрыс жолға бағыттау өте қиын. Бұл тұрғыда мұғалім оқушы үшін басты роль атқарады. Оқушылар мұғалімнің әрі қарай дамуға дайын екенін, кәсіби білігін арттыруда тоқтамайтынын, оқытудың жаңа әдістері мен тәсілдерін қолданатынын көрсе, балалар да қызығушылық танытады. Жарыстарға, олимпиадаларға дайындық кезінде ата-аналардың психологиялық қолдаудағы ролі де өте маңызды. Сондықтан мұғалімге оқушылардың да, ата-аналардың да көңілін табу маңызды, бұл білім беру қоғамдастығының барлық мүшесі арасында достық атмосфера мен салауатты бәсекелестік қалыптастыруға мүмкіндік береді", - дейді НЗМ оқытушысы.
Tengrinews.kz "Online мектеп" жобасын "Рухани жаңғыру" қазақстандық қоғамдық даму институтымен бірге жүзеге асырып жатыр. Оның аясында сайтта білім беру мен психология саласындағы мамандармен онлайн оқыту ерекшеліктері тақырыбында материалдар жарияланады.
Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!
Показать комментарии
Читайте также