31 наурыз 2022 | 14:03

АИТВ-ға қарсы вакцина шыққаны рас па? Неміс профессорымен сұхбат

Мұхтар Жәмішжанов Корреспондент
Ричард Гейер, медицина ғылымдарының докторы, профессор

Желіде АИТВ-ға қарсы вакцина пайда болғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Кейбір деректерде оның алғашқы сынағы да жасалынғаны айтылған. Tengrinews.kz тілшісі Германияның медицина докторы, инфекционист Ричард Гейермен сұхбаттасып, вакцинаға қатысты ақпараттың мән-жайын сұрады. 

ПОДЕЛИТЬСЯ
Иконка комментария блок соц сети

Желіде АИТВ-ға қарсы вакцина пайда болғаны туралы ақпарат тарап жатыр. Кейбір деректерде оның алғашқы сынағы да жасалынғаны айтылған. Tengrinews.kz тілшісі Германияның медицина докторы, инфекционист Ричард Гейермен сұхбаттасып, вакцинаға қатысты ақпараттың мән-жайын сұрады. 

40 жыл бойы медицина саласында еңбек етіп келе жатқан Ричард Гейер АИТВ-ға қарсы профилактикалық вакцинаны зерттеп жүр. Бүгінде ол Швейцарияның федералды медициналық университетінде дәріс оқиды. Неміс маманы Т-жасушалы вакцинаның мыңдаған түріне баға беріп, әдістеме жазған. 

TN: Әңгімені АИТВ-ға қарсы вакцинаның пайда болғаны туралы ақпараттан бастайықшы. Жаңалық бар ма?

Реклама
Реклама
  • Жаңалық аз емес, дегенмен кейінгі уақытта бұл инфекцияға қатысты көптеген жалған ақпарат тарап жүр. Жасыратыны жоқ, әлем ғалымдары көптеген жыл бойы АИТВ-ға қарсы вакцина ойлап табумен айналысуда, бірақ нақты нәтижеге қол жеткізген ешкім жоқ. Десе де, бұл ғылымның бір орында тежеп қалғанын білдірмесе керек. Бүгінде АИТВ-ның күрделі динамикасы мен ағзаның инфекцияға реакциясын толық зерттеп үлгердік. Бұл үлкен жетістік екенін түсінуіміз қажет. 

TN: Дегенмен, АҚШ және Жапонияның ғалымдары өте сенімді мәлімдемелер жасап жатыр. 

  • Әлем бойынша 40 миллионға жуық адамнан АИТВ анықталғанын ескерсек, болжам мен гипотезаға жол бермеуіміз қажет, яғни науқастарға негізсіз үміт сыйлауға болмайды. Естеріңізде болса, 2009 жылы RV144 екпесі бұл індеттің көзін жояды деп шуластық. АИТВ-ның генетикалық жолмен құрастырылған ақуызынан тұратын вакцинаны жасап шығуға 6 жыл уақыт кеткен еді. Нәтижесі немен аяқталғанын көріп отырмыз. Көптеген науқастың сағы сынды, ғылымнан көңілі қалды. Әрине, мұндай халықаралық маңызы бар ғылыми жаңалықтардың әр қадамын естіртіп отыру керек, бірақ ақты ақ, қараны қара деп кесіп айтқан жөн. Себебі АИТВ-ға қарсы тиімді вакцина ойлап табу өте қиын.  

TN: Не себепті қиын? Нақты деректерді келтірсеңіз. 

  • АИТВ-ға қарсы екпе жасау үшін, ең алдымен, вирустың генетикалық әртүрлілігі кедергі келтіреді. АИТВ тез ғана таралып қоймайды, сонымен қатар, ол жаңа штамдарға рекомбинацияланатын көшірмелерді мутациялап, вакцинаның әсерін құртады. Одан бөлек, адам организміне қауіпті фармакологиялық факторды да естен шығармайық. Бұл вирусқа қарсы бір вакцинаның өзі 60-тан аса рекомбинантты штамдарды жоюға қабілетті екенін аңғартады. Екіншіден, АИТВ-мен күресу үшін иммунды жүйенің өзі әрекет етуі керек. Неге десеңіз, CD4 Т-лимфоциті шабуылдаушы жасушаларды қоздырып, ағзаның өзін-өзі қорғау қабілетін құртады. Үшіншіден, АИТВ-мен күрес жолында ағзаның иммундық қорғанысы жасырынып қалады. Резервуар АИТВ негізгі жасушаға генетикалық материал бөліп, реакцияға қайта түседі.

TN: Сондай-ақ, АИТВ екпесінің тиімділігін тексеретін жануар да жоқ екен. Бұл қаншалықты рас?  

  • Бүгінде АИТВ вакцинасының тиімділігін тексеретін жануарлардың моделі жоқ. Мұны кез келген ғалым мойындайды. Негізі, тәжірибелік жануарлардың арқасында барлық екпенің адам организміне беретін реакциясы анықталады. Алайда АИТВ инфекциясын зерттеуде адамның иммунды жүйесімен ұқсас сенімді жануар моделі табылмады. Тәжірибелік жануарларға АИТВ-ға қарсы жасалған вакциналар әлі күнге дейін нақты нәтиже берген жоқ. Сондықтан бұл пікірмен келісуге толық негіз бар.

TN: Жақсы, екпе жасаудағы проблемалар белгілі. Енді басқа қандай шаралар қарастырылған?  

  • Бұл сұраққа қарапайым жауап бар. Адамның иммун тапшылығы вирусы күрделі үш өлшемді құрылымға ие, ал оның жартысы қант қабығымен жабылған, яғни гликолизденген. Бұл нені білдіреді? Айтып отырған инфекциямызға қарсы кез келген ем жолы иммунды жүйенің өзімен ғана байланысты. Бұған дейін түрлі ауруға қатысты тәжірибенің ешқайсы АИТВ-ға инструкция бола алмайды. Кейінгі жылдары АИТВ стерилизациялық вакцинасын жасау үшін жан-жақты стратегия қажет ететіні белгілі болды. 
    Стратегияның негізгі компоненттері:
    ·      АИТВ-ның генетикалық штамдарын бейтараптандыру
    ·      Вирусқа қарсы қорғаныс иммундық реакцияны қалыптастыру
    ·      Иммундық жүйенің тұтастығын сақтау
    ·      Жасырын вирустарды жою

Әзірге басқа жол жоқ, бірақ ғылымның секунд сайын дамып отыратынын ескерсек, алдағы уақытта жаңа өзгерістер болуы мүмкін. Біз оған сенеміз.

TN: Енді вакцина әзірлеудің қазіргі жағдайы қалай болып жатыр?

  • Зерттеушілер бұған дейін сыналған екпелерді жеке қарастырып, сұрыптау жүргізіп келеді. Айта кетейін, Таиландта тәжірибеден өткен вакцинаның тиімділігі 30 пайызға дейін жеткен еді. Бұл медицинадағы үлкен жетістік екені сөзсіз. Сонымен қатар, Германия, Оңтүстік Корея, Жапония және АҚШ-тағы консорциумдардың бірлескен жобалары өте жоғары нәтиже көрсетіп жатыр. Осыдан 4 жыл бұрын Американың Ұлттық аллергия және жұқпалы аурулар институтында болып, АИТВ вакцинасының едәуір жетілгенін байқадым. Дегенмен, бұл екпенің тиімді әрі адам өміріне зияны жоқ екенін білдіртпейді. Бұған әлі де уақыт керек. 

TN: Moderna АИТВ-ға қарсы вакцинаның сынағын адамдарға өткізуді бастады. Неге ол туралы айтпадыңыз?

  • Біріншіден, Moderna сынақты әлі бастаған жоқ, енді жоспарлап болды. Екіншіден, бұл жекеменшік компания болғаннан кейін толық ақпаратты әлі жариялаған жоқ. Менің естуімше, әзірге Moderna жоғары белсенді антиретровирустық терапия әдісін ғана жасай алды. Десе де, бұл да нақты факт емес. Кім біледі, бәлкім, жақын аралықта америкалықтар күллі әлемді аузына қаратып, АИТВ-ға қарсы алғашқы екпені жасап шығарады. Бәрі де мүмкін. 

TN: Сонымен вакцина қашан дайын болуы мүмкін? Болжам бар ма?

  • Болжам жасау өте қиын. Бұл аурудың пайда болғанына 41 жыл болды. Бұған дейін айтылған болжамдар тура келді ме? Жоқ. Егер жақында иммунды жүйенің инфекцияға реакциясын толық зерттей алсақ, 5 жыл ішінде АИТВ-ға қарсы тиімді вакцинаның пайда болуы мүмкін екенін айтқым келеді. Әрине, ертең де жаңа вакцина шығуы мүмкін, бірақ біз оны тиімділік жағынан қарастыруымыз керек. Екпені терапиялық ем-доммен шатастырмайық. 

TN: Бізге қорытынды керек 

  • Егер АИТВ белгілі бір топтың басында ғана болатын дау десеңіз, қатты қателесесіз. Кез келген адам бұл індетпен бетпе-бет келуі мүмкін. Сондықтан жаһандық проблемаға бейжай қарамауға шақырамын. Ал АИТВ-ға шалдыққан науқастар дүрбелеңге салынбасын. Бүгінде бұл вируспен ұзақ өмір сүруге болады. Бұл туралы барлығы біледі деп ойлаймын. Бірнеше жылдықта тиімді вакцина пайда болады. Ең бастысы, сол кезеңге дейін иммунды жүйені әлсіретіп алмау керек.  

Сілтемесіз жаңалық оқисыз ба? Онда Telegram желісінде парақшамызға тіркеліңіз!


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram
Лого TengriNews мобильная Лого TengriSport мобильная Лого TengriLife мобильная