Астаналық оқушы төрт шетелдік оқу орнының грантын жеңіп алған
Дарынды балаларға арналған №9 "Зерде" мектебінің оқушысы Нұрәлі Сарбақыш төрт шетелдік оқу орнының грантын жеңіп алған, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.
Дарынды балаларға арналған №9 "Зерде" мектебінің оқушысы Нұрәлі Сарбақыш төрт шетелдік оқу орнының грантын жеңіп алған, деп хабарлады Астана әкімдігінің ресми сайты.
Сайттың мәліметінше, Нұрәлі 11-сыныптың оқушысы. 7 сыныпта осы мектепке тест тапсыру арқылы, конкурстан өтіп түскен. Нұрәлінің Физика саласына құштарлығы жоғары екенін мектептің физика пәнінің мұғалімі байқаған. Ұстазы содан бері шәкіртіне физика саласының сан қырын қарапайым тілмен түсіндіре отырып, оқушының ғылымға деген құштарлығын, ынтасын оятқан. Оқушы қалалық, республикалық пәндік олимпиадаларға қатысып жүлделі орындардан көрініпті.
Ұстаздарының айтуынша, ол шетелдік жиырма шақты университетке тест тапсырды.
"Қазіргі күнде соның төртеуінен оң нәтиже келіп отыр. Біз оқу жылы басында 11 сынып оқушыларына шетелдің қай ЖОО-да тегін білім алуға болатыны туралы ақпарат бердік. Олар өздері таңдап, конкурсқа қатысып жатыр. Өткен жылы біздің жеті түлегіміз шетелге оқуға түсті", - деді директордың ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Самат Есенбеков.
Айта кетейік, қазіргі таңда Нұрәлі шетелдің алты жоғары оқу орнына өтініш беріп, төртеуінен "оқуға қабылдандың" деген жағымды жаңалық алып отыр. Ол - Германия, Қытай, Кипр, Катардың ЖОО-лары. Енді тек таңдау қалды.
"Мен қазіргі кезде Финляндия елінің және Назарбаев Университетінің жауабын күтіп отырмын. Ал АҚШ-тың ЖОО-на берген өтінішім қанағаттандырылмады. Оған қатты өкініш білдіріп отырғаным жоқ. Негізі өзім ішімнен шешім де қабылдап қойдым, осы елдердің ішінен Германияны таңдап отырмын", - деді Нұрәлі Сарбақыш.
Нұрәлі болашақта туған қаласы Астананың қоғамдық көлік жүйесін автоматтандырып, қала тұрғындарына ыңғайлы жүйе құрсам деген арманы бар. Шетелде білім алып, тәжірибе жинақтап өскен, толған, кемелденген шағында туған елі Қазақстанға қайта оралам, деген жоспары бар көрінеді.