ПОДЕЛИТЬСЯ
08 қараша 2019 | 13:50
Жаңаөзендік оқушылар Анталияда өткен білім бәсекесінде топ жарды
Жаңаөзен мектеп гимназиясының оқушылары халықаралық пәндік олимпиададан жүлделі орынмен оралды. Анталияда өткен пәндік олимпиадаға 18 елден 900-ге жуық оқушы қатысты. Соның ішінде 23 оқушы Жаңаөзен қаласынан барған,, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.
ПОДЕЛИТЬСЯ
Жаңаөзен мектеп гимназиясының оқушылары халықаралық пәндік олимпиададан жүлделі орынмен оралды. Анталияда өткен пәндік олимпиадаға 18 елден 900-ге жуық оқушы қатысты. Соның ішінде 23 оқушы Жаңаөзен қаласынан барған,, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Mangystaumedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Пәндік олимпиада 27 қазан мен 3 қараша аралығында өткен. Аталған халықаралық деңгейдегі білім сайысына Жаңаөзен мектеп гимназиясы бірінші рет бақ сынады.
"Бұл менің бейнелеу өнері бойынша халықаралық деңгейдегі пәндік олимпиадаға бірінші рет қатысуым. Осы пән бойынша әр елден келген 100 шақты оқушы жүлделі орындарға ие болды. Ал мен Жаңаөзен мектеп гимназиясы атынан барып, 1-орынды иелендім. Дарынды оқушылар бас қосқан додада жеңіске жетуімнің өзі мектеп үшін де зор қуаныш. Жарыс оңай болды деп айта алмаймыз. Ұстаздарымыз берген білімнің нәтижесінде жетістікке жетіп, қазақстандық оқушылардың абыройын асқақтаттық", - дейді 10-сынып оқушысы Дарина Хайырова.
Мектеп оқушыларының айтуынша, мұғалімдер әрбір оқушының қабілетіне аса мән береді. Содан соң оқушы бойынан табылған талант пен қызығушылыққа қарай жұмыс істейді. Бұл оқушының алға жылжуына, білім алуға деген ынтасын арттырады. Жаңа мүмкіндіктерге жол сілтеп, жеңіс тұғырынан көрінуге бағыт-бағдар береді. Қазір ұстаздың, оқушының да қалайтыны - сапалы білім мен тәрбие.
Осы ретте Жаңаөзен мектеп гимназиясы - оқушыларға саналы тәрбие мен білімді қатар беріп келе жатқан алтын ұя. 1980 жылы бой көтерген білім ордасы қазіргі таңда жаңа мазмұндағы білім беру жүйесімен өз оқушыларын жан жақты жетілдіруде.
"Қоғамдық гуманитарлық бағытта оқушыларды тереңдетіп оқытатын мектеп жылдан жылға дамуда, ал оқушыларымыз жетістікке жетіп қуантуда. Былтыр 1120 бала білім алса, қазіргі таңда 1160 оқушы оқып жатыр. Сыныптарымыз заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, оқушылар үшін барлық жағдай жасалған. Қыздарға арналған еңбек кабинеті тігін машиналарымен толықты. Ал ұлдар ағаш кесетін, темір жонатын станоктарды сабақ барысында пайдалануда.
Сонымен қатар робототехника кабинеті де заманауи үлгіде жасақталған. Мұнда техника жасауға бейімделген оқушылар сабақтан тыс уақытын тиімді пайдаланады. Акт залы мен 140 оқушыға арналған асхана жұмыс істеп тұр. Оқушылар үзіліс кезінде шахмат ойнап, кітапханадан кітап оқиды. Сондай-ақ әр бағытта ашылған үйірмелеріміз бар. Оқушыларымыздың әр жеткен жетістігі - ұстаздың ұшан еңбегі, мектептің абыройы. Осы орайда білім жарыстары мен танымдық сайыстарға қатысып жүрген үлгілі оқушыларымыз да жетерлік", - дейді Жаңаөзен мектеп гимназиясының директоры Зина Ноғаева.
"Сабақтан тыс уақытта "Домбыра дастан" үйірмесі жұмыс жасайды. Мұнда балаларды дәстүрлі ән және күй өнерімен сусындатып, ұлттық құндылықты насихаттаймыз. Қазіргі таңда 15 оқушы үйірмеге қатысып, домбыра шертіп, дәстүрлі ән айтуды үйреніп жүр. Одан бөлек "Жас қаламгер" үйірмесі бар. Әдебиетке жақын оқушылар шеберліктерін арттырып, жазушылық, ақындық өнерін одан әрі жетілдіреді. Екі жылдан кейін айтыскер ақындарды шығару жоспарда бар", - дейді қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі Ермахан Ермекбай.
Жас маман Ермахан Ермекбайдың Жаңаөзен мектеп гимназиясына келгеніне көп уақыт болмаған. Десе де оқушылар жүрегінен орын алып, тәжірбиелі ұстаздармен тіл табысып үлгерген. Ол қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі қызметінде болса да жеткіншектерді дәстүрлі өнерге үйретіп жүр. Айтуынша, аз уақыт ішінде Орынбасар Мақсатұлы республикалық "Дарабоз" байқауынан 2-орын алса, оқушысы Ринат дәстүрлі ән бағыты бойынша бас жүлдені иеленген. Жаңаөзен мектеп гимназиясының оқушылары тек білімімен ғана емес өнерімен де тамсандырып жүр. Тәжірибелі ұстаз, білімі мен тәрбиесі келіскен оқушы, білікті басшысы бар мектеп қай заманда да алда болары анық. Жаңаөзен мектеп гимназиясының білім бәсекесінде оза шабуы жоғарыда атап өткен үштіктің үйлесім табуынан болса керек.
Показать комментарии
Читайте также